
Астанадағы Ботаникалық бақтың субұрқақтарына шомылған балалардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартыла бастады. Бұл туралы Есіл ауданының полиция басқармасы мәлімдеді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, үнемі ескерту жасалып жатса да, кейбір ересектер балаларының субұрқақ суына түсуіне тыйым салмайды. Мұндай жағдайда полицейлер кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін орындамағаны үшін ата-аналарға қатысты әкімшілік хаттама толтырады.
Тәртіп сақшылары субұрқақтардың шомылуға арналмағанын тағы бір мәрте еске салды. Ол жерде тоқ соғып, жарақат алып, тіпті инфекция жұқтырып алуы мүмкін.
«Ата-аналарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, балаларды қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ олардың субұрқақтар мен шомылуға арналмаған басқа да орындарда суға түсуіне жол бермеуге шақырамыз», – деп атап өтті полиция басқармасынан.
Айта кетейік, Алматы қаласында мамыр айының басынан бастап субұрқақтар кезең-кезеңімен іске қосылып келеді. Биыл қала тұрғындары мен қонақтары үшін 55 коммуналдық нысан, соның ішінде заманауи 11 «құрғақ» субұрқақ жұмыс істейтін болады.