
Экономист Меруерт Махмұтованың пікірінше, Қазақстанда бензин бағасы алдағы уақытта да үздіксіз қымбаттай береді. Өйткені оған сыртқы өте күрделі факторлар әсер етіп отыр.
Шекараны жаба алмаймыз
Беделді экономист жанармай құнының неліктен тоқтаусыз көтеріле беретінінің бірнеше себебін атады. Солардың бірі – Қазақстандағы бағаны көрші елдермен теңестіру саясаты.
Республикада бензин Ресей мен Қырғызстанға қарағанда әлдеқайда арзан. Баға айырмашылығы салдарынан жанармайды көрші елдерге заңсыз тасымалдау тыйылмай тұр. Үкімет шекараны толық жаба алмайтындықтан, елдегі бағаны Ресей мен Қырғызстан деңгейіне дейін көтеруге мәжбүр. Баға теңескенде ғана бензинді сыртқа тасу тиімсіз болады.
«Бағаны ұстап тұру үшін шекараны жабу керек еді, бірақ біз бұған дайын емес сияқтымыз», – деп есептейді Махмұтова.
Оның пікірінше, елде бензин ішкі нарықты қамтамасыз ете алатындай шамада өндіріліп-ақ жатыр. Бірақ жанар-жағармай материалдарының бағасы субсидияланатынын және Ресей мен Қырғызстанға қарағанда төмен екенін ескеру қажет.
Ресейдегі тапшылық
Ресейдегі жанармай тапшылығы да бағаны жоғары сүйрейді. Федерация аумағындағы мұнай өңдеу зауыттары украин дрондарының соққысына ұшырап, бензин тапшы тауарға айналды. Сондықтан ол елде баға күн санап өсіп барады. Қазақстан сондағы бағаны қуып жетуі керек десек, ал Ресейдің өзінде баға тоқтаусыз өсіп жатса, онда біздегі бензин бағасының да шегі көрінбейді деген сөз.
Ортақ нарық – еркін баға
Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ортақ мұнай нарығын құруға келіскен. Алты айдан астам уақыттан кейін ұйымға мүше Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Арменияда бензин бағасы шамамен бірдей болуға тиіс.
«Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ) былтырдан бері Украинаға тиесілі ұшқышсыз ұшақтардың (дрон) соққысына ұшырап жатқанда, мұндай шешімге қалайша қол қоюға болады?» – деп сұрайды экономист.
Қазақстанда баға қазірден бастап көтерілмесе, 2027 жылы бірден секіру халыққа өте ауыр соғады. Сондықтан бағаны қазірден бастап біртіндеп өсіріп жатыр.
Мемлекет енді бағаны шектемейді
Экономист үкіметтің сәуірден бастап бағаны реттеуден бас тартқанына мән берді. Енді оны министрлік емес, жанармай бекеттерінің иелері мен нарық сұранысы анықтайды. Мұндай жағдай бағаны ешқашан төмендетпейді, керісінше өсуіне ықпал етеді.
«Қазақстаннан бензинді сыртқа тасуды тоқтату үшін, баға Ресей және Қырғызстандағы құнмен теңескенше өсе береді деп айтуға болар еді. Бірақ тапшылығы күн санап артып жатқан Ресейде жанармай бағасының өсуі қашан тоқтайтынын болжау қиын», – дейді Махмұтова.
Сарапшының пікірінше, елде бензин жеткілікті болғанымен, сыртқы экономикалық және саяси жағдайларға байланысты бағаны қымбаттатуға мәжбүрміз. Бұдан шығатын қорытынды: елдегі бензин бағасы Ресейдегі жағдай тұрақталғанша және 2027 жылғы ортақ нарық талаптары орындалғанша өсе береді.
Бұл уақытта Ресей Қазақстаннан шамамен 50 мың тонна АИ-92 бензинін алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқаны мәлім болды. Мәскеу сол арқылы ел ішіндегі жанармай тапшылығын азайтқысы келеді. Федерация аумағында бензин бағасы өте жоғары қарқынмен қымбаттап жатыр.