Қоғам

Футбол мен қор нарығы: әлем чемпионаты инвесторларға нені үйретеді

чм 2026
REUTERS/Jose Luis Gonzalez, бильд-редактор: Милош Муратовский

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты спорт турниріне қор нарығы тұрғысынан қарауға мүмкіндік беріп отыр. Freedom Finance Global компаниясының қаржылық талдау департаментінің директоры Ерлан Әбдікәрімов ұлттық құрамаларды биржа активтерімен салыстырып зерттеген. Сарапшының басты тұжырымы – инвесторлар активтің нақты сапасы мен оның асыра бағалануы арасындағы айырмашылықты түсінуі керек.

Фаворит болғандар жеңіске жете бермейді

Турнир басталар алдында Goldman Sachs сарапшылары командалардың мүмкіндігін Elo рейтингі, шабуыл әлеуеті, жеребе қорытындысы сияқты көптеген факторға сүйеніп бағалайтын математикалық модель ұсынды. Монте-Карло әдісімен жүргізілген 50 мың симуляция нәтижесінде турнирдің басты фавориттері анықталды: Испания (ықтималдығы 26%), Франция (19%), Аргентина (14%), Бразилия (8%) және Англия (5%).

Алайда фаворит мәртебесі чемпиондыққа кепілдік бермейді, ол тек жеңіске жету ықтималдығын көрсетеді. Бұған Испания құрамасының турнир басындағы ойыны дәлел. Команда қарсылас қақпасына ондаған соққы жасағанымен, әлем чемпионатына алғаш қатысып отырған Кабо-Верде құрамасымен 0:0 есебімен тең түсті.

Бірнеше күннен кейін Кабо-Верде көпшілікті тағы да таңғалдырды. Команда алаңда Уругваймен кездесіп, 2:2 есебін сақтап қалды. Нәтижесінде турнир алдында жеңіске жету ықтималдығы небәрі 0,03% деп бағаланған бұл құраманың көрсеткіші шамамен бес есеге өсіп, 0,17%-ға жетті.

Нарық қалай қателеседі

Тарихи деректер фавориттердің жиі асыра бағаланатынын көрсетеді. 2014 жылы Бразилияның өз алаңында чемпион атану ықтималдығы 25-32% болғанымен, Германиядан 1:7 есебімен жеңілді.

2018 жылы басты фаворит саналған Германия мен Бразилия топтық кезеңде және ширек финалда жарыстан шығып қалды. 2022 жылы да Бразилия негізгі үміткер атанғанымен, жеңісті Аргентина жұлып алды.

Тек 2010 жылы Испания құрамасының чемпион болу ықтималдығы 18-22% деп бағаланып, болжам толық жүзеге асты.

ӘЧ-2026 және rerating

Топтық кезең ортасына қарай нарық турнир алдындағы бағаны қайта қарай бастады. Соған сәйкес ықтималдық бойынша негізгі өзгерістер:

  • Испания – 15,8%-дан 13,8%-ға төмендеді;
  • Франция – 14,7%-дан 16,5%-ға өсіп, турнирдің басты фаворитіне айналды;
  • Аргентина – 7,5%-дан 11%-ға көтерілді;
  • Бразилия – 8,7%-дан 6,4%-ға төмендеді;
  • Хорватия – 1,2%-дан 0,6%-ға дейін күрт түсті.

Ерлан Әбдікәрімовтің айтуынша, қор нарығында да, әлем чемпионатында да кейбірінің асыра бағаланатынын, енді бірінің әділ бағасын алмай отырғанын түсінгендер жеңіске жетеді.

Ерлан Әбдікәрімовтің авторлық мақаласын мына жерден оқуға болады.