Жаңалықтар

Каспий теңізінде суға батып кеткен ер адам төрт тәулік бойы іздестірілуде

Каспий теңізінде суға батып кеткен ер адам төрт тәулік бойы іздестірілуде / Фото: ТЖМ

Маңғыстау облысында Каспий теңізінің акваториясында шомылуға жабдықталмаған жерде суға түсу кезінде батып кеткен 1999 жылғы ер адамды іздестіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ҚР ТЖМ.

Ведомствоның мәліметінше, іздестіру-құтқару жұмыстарының жүріп жатқанына төртінші тәулік болды. Күрделі ауа райы жағдайларына және теңіздегі қатты толқынға қарамастан, құтқарушылар мен сүңгуірлер акватория мен жағалау сызығын тексеруді жалғастыруда.

Атап өтілгендей, іздестіру жұмыстары өзгермелі гидрометеорологиялық жағдайлармен, су астындағы көріністің шектеулілігімен, ағыспен және тексерілетін аумақтың үлкендігімен қиындап отыр.

Операцияға жалпы саны 40-тан астам маман, жүзу құралдары, ұшқышсыз ұшу аппараттары, сүңгуірлік жабдықтар, ТЖМ авиациясы, сондай-ақ Маңғыстау облысы ТЖД, ИІМ Ұлттық ұланы, ҰҚК Шекара қызметі, Әскери-теңіз күштері, Полиция департаментінің күштері және «YKK Kazakhstan LLP» ЖШС мамандары жұмылдырылған.

Іздеу жұмыстары судан, әуеден және жағалау сызығының бойымен жүргізіліп жатыр. Сүңгуірлер топтары оқиға болған аудандағы теңіз түбі мен жағалау маңындағы акваторияны кезең-кезеңімен тексеруде.

Іздестіру-құтқару операциясы жалғасуда. ТЖМ азаматтарды судағы қауіпсіздік шараларын сақтауға, тек арнайы жабдықталған жерлерде шомылуға және ресми ақпаратқа сенуге шақырды.