
Ақтөбелік мас тұрғын танымал кәсіпкер әйелдің көлігін айдап кетіп, жолынан жаңылып қалған.
Halyqstan ақпаратына қарағанда, оқиға биылғы қаңтар айында болған. Жаңа жылды атап өткен ер адам мейрамханадан шығып, үйіне жаяу қайтпақ болады. Алайда жолда ол Samal Cakes компаниясының аспаздық цехының жанында тұрған көлікті байқап қалады.
Көп ойланбастан есігі ашық, ал кілті оталдыру тетігінде тұрған көлікке отырып алады. Өзінің мас, жүргізуші куәлігінен айырылғанын ескермеген.
Шамамен жарты сағаттан кейін ақтөбелік азамат хром қосындылары зауытының маңындағы шеткері аумақта тоқтап тұрғанын байқайды. Қорқып кеткен ол көлікті тастап қашпақ болғанымен, кәсіпорын күзетшілері ұстап алып, полицияға тапсырған.
Сотта ер адам кінәсін толық мойындап, кешірім сұрады. Оның айтуынша, бөтен көлікпен кеткеннен кейін жолынан жаңылып қалған. Сондай-ақ өзін бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған. Өйткені ол отбасының жалғыз асыраушысы әрі кәмелетке толмаған қарындастарының қамқоршысы екен.
Белгілі қазақстандық кәсіпкер әйел Самал Асановаға тиесілі Samal Cakes компаниясы көлігін еш зақымсыз қайтарып алған. Компания ер адамға қатысты шағым түсірмей, жаза түрін соттың қарауына қалдырған.
Алайда сот көлік ұрлаушыны кінәлі деп танып, 6 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған өмір бойына көлік жүргізуге тыйым салынды.
Самал Асанова «Алтын Ханым – 2025» байқауының бас жүлдесін жеңіп алған. Parasat Business Club резиденті атанған бизнесвуменге 10 мыңнан астам қазақстандық дауыс берген. Нәтижесінде ол байқаудың басты жеңімпазы болып танылды.
Айта кететін жайт, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мас күйінде көлік жүргізгендерге жазаны қатайтуды тапсырды.