
26 маусым, жұма күні Өскеменде соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш тіркелмек. Дәл осы күні 200-ге жуық жұп ресми түрде некеге тұрмақ.
YK-news ақпаратына қарағанда, әдетте жаз мезгілінде бір күнде Шығыс Қазақстан облысының орталығында 15-20 неке ғана тіркеледі. Алайда 26.06.2026 күніне 200 өтініш түскен.
Барлық жас жұбайды қабылдау үшін Өскемен қаласының АХАТ бөлімінің қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Неке қию рәсімдері таңғы 07:30-да басталып, кешкі 18:00-ге дейін жалғасады. Тіркеу бірден төрт бөлмеде өтеді.
Шығыс Қазақстан облыстық АХАТ басқармасының басшысы Әлия Қырықпаеваның айтуынша, мұндай қарбалас соңғы рет 07.07.2007 күні байқалған. Сол кезде 83 жұп шаңырақ көтерген.
«26 маусымға 200 өтініш түсті. Кейін бірнеше жұп отбасылық жағдайларға байланысты күнін ауыстырды. Соның нәтижесінде жұма күні 191 неке тіркеледі», – деді ол.
Ерекше қарбалас күнге дайындық алдын ала жүргізілген. Жас жұбайлар уақыт бойынша бөлініп, қосымша тіркеу орындары дайындалған. Кейбір мамандар барлық құжатты алдын ала әзірлеу үшін түнгі ауысымға да шығады.
АХАТ бөлімінің мәліметінше, болашақ ерлі-зайыптылар таңғы ерте және кешкі уақыттарға да түсіністікпен келісім берген. Олардың басым бөлігі – 20 мен 40 жас аралығындағы азаматтар.
Үйлену тойына байланысты қарбалас облыстың басқа қалаларында да байқалады. Бұл күні Риддерде – 28, Алтай қаласында – 20, ал Шемонаиха қаласында 14 неке тіркеледі.
Ал Өскеменде 07.07.2026 күніне қазірдің өзінде 30 өтініш қабылданған.
Биыл шаңырақ көтеретін жұптардың көбі дәл осы 26.06.2026 күнін сандардың әдемі үйлесімі үшін таңдап отыр.