
Қазақстан Қытайдан жанар-жағармай сатып алмақ. Өйткені дрон шабуылының салдарынан Ресейден келетін бензин көлемі азайған.
Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікованың айтуынша, үкімет елде жанармай тапшылығын болдырмас үшін үшінші елдерден, нақты айтқанда, Қытайдан бензин сатып алу туралы шешім шығарған. Қытайдан келетін бензинге кедендік баж салығы да салынбайды.
«Біз үшінші елдерден, ең алдымен, Қытайдан отын импортын ынталандыру үшін Еуразиялық экономикалық комиссия аясында кедендік алымдарды төмендету туралы шешім қабылдап жатырмыз»,– деді вице-министр.
Яғни Қазақстанға Қытайдан келетін бензинге уақытша кедендік баж салығы салынбайды. Оған қоса ішкі нарыққа қанша бензин керек болса, сонша көлемде тасымалданады. Сырттан келетін тауардың салығы азайғандықтан, оның өзіндік құны да арзанға түседі, бұл ішкі нарықтағы бағаның күрт өсіп кетпеуіне септігін тигізуге тиіс.
«Ішкі нарықта бензин азайып жатқан соң, оны сыртқа сату да шектеледі. Бұл шектеу алты ай сайын ұзарып отырады», – деді ол.
Бұған дейін Олжас Бектенов жанармай тапшылығын болдырмас үшін шекарадағы бақылауды күшейтуді тапсырған.