
2025 жылы елімізде электр самокаттары жүргізушілерінің кінәсінен 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 149 адам жарақат алған. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін елімізде электр самокаттарының тротуарлармен жүруіне тыйым салынды. Тиісті заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, енгізілген өзгерістер жол жүру қауіпсіздігін арттыруға, жүргізушілерді даярлаудың сапалы жүйесін қалыптастыруға және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған.
«Электр самокаттарының тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Себебі олар жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалардың қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіреді», – деп хабарлады министрлік.
Енгізілген түзетулерге сәйкес, «Жол жүрісі туралы» Заңнан елдімекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлік құралын тұраққа қоюға тыйым салу нормасы алынады. Сонымен қатар құқық бұзушылықтарды тіркейтін камераларды қолдану аясы кеңейеді. Электромобильдер үшін арнайы тіркеу нөмірлері енгізіледі.
«Барлық өзгеріс жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жол жүрісіне қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, енді автомектептердің жұмысын жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ететін уәкілетті органдар тікелей бақылайды. Олар автомектептерге жұмыс істеуге рұқсат беріп, болашақ жүргізушілерді қалай оқытып жатқанын тексере алады.
«Жыл сайын 140 мыңнан астам азамат алғаш рет жүргізуші куәлігін алады. Қазіргі уақытта жүргізушілерді даярлаумен 819 оқу ұйымы айналысады», – деп мәлімдеді ІІМ.
Айта кетейік, Астанада полиция самокатшыларды «Сергек» камералары арқылы бақылай алады.