Жаңалықтар

Ресей Қазақстаннан 50 мың тонна АИ-92 бензинін сұрап отыр — Reuters

Қазақстан бензинді авиация отынына алмастыруы мүмкін дейді дереккөз / фото: Жанболат Мамышев

Ресей Қазақстаннан шамамен 50 мың тонна АИ-92 бензинін алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Мәскеу сол арқылы ел ішіндегі жанармай тапшылығын азайтқысы келеді. Бұл туралы Reuters агенттігі төрт бірдей дереккөзге сүйене отырып хабарлайды.

Ресейде бірнеше ірі мұнай өңдеу зауытының жұмысы украин дрондарының шабуылдары салдарынан тоқтап тұр. Соған байланысты федерацияда, маусым айының аяғындағы жағдай бойынша, бензин өндірісі шамамен 25%-ға қысқарды.

Ресей энергетика министрлігі Reuters-ке қалыптасқан жағдайды әзірге түсіндірмеген. Бұған дейін Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Астанаға Мәскеуден бензин жеткізу туралы ресми сұрау түспегенін мәлімдеген.

Reuters-тің энергетика саласына қатысы бар төрт дереккөзінің айтуынша, Қазақстанның жанармай өндірісі Ресейге қарағанда әлдеқайда аз болғандықтан, Астананың көрші елге ірі көлемде бензин экспорттауы екіталай. Дегенмен қазір Қазақстанда бензин жеткілікті. Алайда, дереккөздердің айтуынша, Атырау мұнай өңдеу зауытында 26 маусым мен 20 шілде аралығына жоспарланған жөндеу жұмыстары кезінде жиналған қор айтарлықтай сарқылады.

Агенттіктің Қазақстандағы бір дереккөзінің мәліметінше, Ресей бензинді авиация отынына айырбастауды (бартер) ұсынуы мүмкін. Дереккөздер шілде айында Қазақстанда отынның осы түріне сұраныс артып, тапшылық туындауы мүмкін деп топшылайды.

Кейінгі уақытта Украина Ресейдің энергетика нысандарына, оның ішінде мұнай өңдеу зауыттарына шабуылдауды жиілетті. Украин дрондары, мәселен, 18 маусымда Мәскеуге дейін жетіп, сондағы мұнай өңдеу зауыты өртенген. Сол күні министр Ақкенженов «Ресей отын жеткізу бойынша Қазақстаннан әлі ештеңе сұраған жоқ» деп мәлімдеген.