
Алматы-Қорғас тас жолындағы үш адам қайтыс болған апатқа себепші – полицей қызметкері, ол мас күйінде рөлде отырған. Марқұмдардың туыстары осылай деп Kursiv Media тілшісіне сұхбат берді.
Мәселенің мән-жайы
23 маусымда Алматы – Шелек – Қорғас автожолының 132-шақырымында жол апаты болды. Audi 100 мен қарама-қарсы бағытқа шыққан Haval машиналары соқтығысқан. Audi көлігінде отырған жүргізуші, жұбайы және олардың үлкен қызы, жиырма жастағы келіншек сол жерде қайтыс болды. Одан бөлек көлікте 14 және 18 жастағы екі бала және келіншектің 10 айлық сәбиі де отырған. Олар да түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Ал 24 маусымда марқұмдар жер қойнауына тапсырылды.
«Ол менің немере әпкем еді. Көлікте әпкеммен бірге күйеуі, балалары және немересі болған. Біз апат туралы 23-і күні түнде естідік, кейін олардың денесін моргке апарды. Таңертең ағам денелерін әкеліп, жерледік», – деді марқұмның туысы Гүлзана Тұрдыиева.
Марқұмдардың 14 жастағы ұлы мен 18 жастағы қызы жетім қалды, он айлық сәби анасынан айырылды. Ол үшеуі де Шелек аудандық ауруханасында жатыр.
«Ініміз (14 жастағы ұл – ред.) әлі ешнәрседен хабары жоқ, оның қолына телефон бермейміз. Ал қызына бүгін таңертең ғана айттық. Үшеуі де жарақат алған», – дейді туысы.
«Көлікте отырған полицей екенін айтпайды»
Гүлзананың сөзінше, апатқа себепкер деген Haval-да төрт адам отырған.
«Сол жерде апат болған кезде жергілікті тұрғындар келіп, машиналардағы адамдарды шығаруға көмектескен. Солар Haval-да төрт адам отырғанын айтты. Рөлде Абылай есімді адам отырған, полиция қызметкері дейді. Ол Шелек аудандық полициясында жұмыс істейді екен, нақты лауазымын білмедім. Оның жанында отырған адам мас екенін, ішіп көлікте отырғанын да айтты. Оны сол апат орнына келген полицей қызметкері тіркеп, протоколға түсіру керек еді», – дейді Тұрдыиева.
Көлікте отырған үш адам ауруханаға жатқызылды. Рөлде болған азамат та жарақатпен жансақтау бөлімінде жатыр. Редакцияға жіберген қағазда рөлдегі Абылай есімді азаматтың 37 жаста екені жазылған.
«Бұған дейін Алматы облыстық полициясының парақшасында апат туралы ақпарат шықты, күдікті ұсталды деген. Сол жағы түсініксіз, себебі бізге рөлде болған азамат ауруханаға түсті деген. Әлі қандай бап бойынша іс қозғалғанын да білмейміз, қолымызға еш қағаз жіберген жоқ», – дейді Гүлзана Тұрдыиева.
Сондай-ақ ол Абылайдың ата-анасы келіп көңіл айтып, кешірім сұрағанын да атап өтті. Енді марқұмның туыстары іске қатысты барлық жағдай толық айтылып, кінәлілер өз жазасын алса дейді.
«Ресми хабарламада көлікте отырғандардың бірінің полиция қызметкері екені, оның мас болғаны да айтылмайды. Осыған уайымдап отырмыз. Оның үстіне ол (Haval – ред.) аяқ асты қарама-қарсы бетке шыға салған жоқ. Куәгерлердің сөзінше, ұзақ уақыт бойы қарама-қарсы бағытта жүрген, бұрыла берген сәттің бірінде жездеміздің көлігімен соқтығысқан. Енді апат қалай болғанын дәл анықтау үшін сол күні Алматы-Қорғас тас жолында жүрген жүргізушілердің видеокамераларынан бейнежазбалар сұрап жатырмыз», – деді Гүлзана Тұрдыиева.
Рөлде отырған полиция қызметкері ме деген сұрақпен Kursiv Media Алматы облыстық полиция департаментіне хабарласты. Бірақ ПД өкілі қазір іске қатысты тергеу жүріп жатқанын, ҚК-тің 201 бабы бойынша өзге мәліметтер жарияланбайтынын айтты.