
Solidcore Resources акционерлері биыл да дивиденд алмайды. Компания 2025 жылдың қорытындысы бойынша дивиденд төлемейтін болып шешім қабылдады.
Solidcore соңғы рет дивидендті 2021 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындысы бойынша төлеген: ол кезде бір акцияға 0,45 доллар бөлініп, жалпы төлем шамамен 213 млн доллар болған.
Компанияның қазіргі ұстанымы түсінікті: ақша акционерлерге емес, даму жобаларына кетеді. Негізгі себептің бірі – Ертіс гидрометаллургия комбинатының құрылысы. Бұл жоба Solidcore үшін стратегиялық маңызы бар актив саналады, бірақ оны іске асыру үлкен капитал шығынын талап етеді.
Компания 2025 жылы қаржылық нәтижесін жақсартқанымен, дивиденд төлеуге асықпай отыр. Solidcore түсімі бір жылда 13% өсіп, 1,5 млрд доллар болды. Таза пайда 662 млн долларға жетті. Дегенмен бос ақша ағыны қысқарды, ал капитал шығындары артты.
Solidcore Resources-тың ең ірі акционері – Оман сұлтандығында тіркелген Maaden International Investment SPC компаниясы. Оның үлесі 29,7% деп көрсетілген. Компанияның қалған акциялары негізінен институционалдық инвесторлар мен жеке тұлғалардың қолында.
Айта кетейік, Solidcore директорлар кеңесін Оман мемлекеттік қорының президенті басқаратынын жазған едік.