Жаңалықтар

«Тұран» университеті студенттердің AI-курсына қатысты шағымына пікір білдірді

«Тұран» университеті студенттердің AI-курсына қатысты шағымына пікір білдірді / Фото: Shutterstock

Алматыдағы «Тұран» университетінің студенттері оқу бітіруге аз уақыт қалғанда оларға Президенттің тапсырмасымен іске қосылған жасанды интеллект бойынша базалық бағдарлама – AI-Sana курстарынан шұғыл түрде өту қажеттілігі туралы хабарланғанына шағымданды. Студенттердің айтуынша, бұған дейін бұл курстардың міндетті екендігі туралы оларға ескертілмеген.

Студенттердің мәлімдеуінше, хабарламалардың бірінде куратор бұл курсты өтпегендерге дипломдар мен олардың қосымшалары берілмейтінін жазып, оқуды шұғыл түрде бастауға шақырған.

Сондай-ақ, түлектер өздеріне тестілеуден 5000 теңге үшін «дайын маман» арқылы өту ұсынылғанын айтты. Студенттердің сөзіне қарағанда, олардың Ғылым министрлігіне және БАҚ-қа жүгіну ниетінен кейін ЖОО әкімшілігі кешірім сұрап, оларды «дұрыс түсінбей қалғанын» мәлімдеген.

«Ресми түрде кешірім сұраймын. Қосымшалары бар дипломдарды аласыздар. Сіздер эдвайзерді дұрыс түсінбедіңіздер. Дипломдардың берілуі AI-Sana курсынан өтумен байланысты емес», – делінген студенттер келтірген әкімшілік хабарламасында.

«Курсив» университетке сауал жолдады. ЖОО-да курстың ерікті түрде екенін, ал бағдарламадан өту мен диплом берудің бір-біріне қатысы жоқ екенін хабарлады. Бұл ретте, тестілеуден өту үшін мүмкін болатын төлем туралы ақпаратқа қатысты университет басында жағдайға түсініктеме бермеді, алайда кейінірек «мүлдем төзбеушілік» танытатынын мәлімдеп, қызметтік тексеріс бастады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі де бұл курстардың ерікті екенін және дипломдардың берілуіне әсер етпейтінін атап өтті. Ведомство жағдайдың реттелгенін, ал ЖОО студенттерден кешірім сұрағанын қосып өтті.