Жаңалықтар

2025 жылы бюджеттен 25,5 трлн теңге жұмсалған

2025 жылы бюджеттен 25,5 трлн теңге жұмсалған
2025 жылы бюджеттен 25,5 трлн теңге жұмсалған / фото: kursiv.media

2025 жылы Республикалық бюджет шығыстары 99%-ға орындалып, 25,5 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев айтты.

Шығыстар

Оның ішінде өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бағытталды. Жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 2025 жылы 50%-ды құрады.

Әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге бөлінді, оның ішінде зейнетақы мен жәрдемақыға 5,9 трлн теңге, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2,1 трлн теңге бағытталды.

2025 жылы аграрлық секторға 1,1 трлн теңге бағытталған. Бұл 2024 жылға қарағанда 172 млрд теңгеге артық.

Кірістер

Жалпы, республикалық бюджеттің кірістері, жоспардан 99 %-ға орындалып,  21,4 трлн теңгені құрады.

Оның ішінде республикалық бюджеттің меншікті кірістері, трансферттерді есептемегенде,  15,3 трлн теңгеге жетті. Салықтық түсімдер 2,2 трлн теңгеге немесе 17,5%-ға өсті.

«Жалпы өсім, экономиканы кеңейту, корпоративтік табыс салығын 880 млрд теңгеге, қосылған құн салығын 932,5 млрд теңгеге түсімдердің ұлғаюы, импорттың өсуі, сондай-ақ әкімшілендіру тиімділігінің артуы есебінен қамтамасыз етілді», – деді министр.

Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда кіріс базасы өсіп отыр. Бұл экономикалық белсенділіктің тұрақтылығын және салықтық әкімшілендірудің жақсарғандығын көрсетеді.

Сонымен қатар Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет биыл инфляция деңгейін 10%-дан төмен түсіруге уәде берді.