
Шахматшы Бибісара Асаубаева Қазақстан азаматтығынан бас тартып, халықаралық жарыстарға Ресей немесе Өзбекстан атынан қатысуы мүмкін бе деген сауалға спорт вице-министрі жауап берді.
«Қазіргі уақытта Бибісараға, әсіресе оның азаматтық ауыстыруына қатысты ешқандай мәселе жоқ. Өте атақты, жоғары халықаралық деңгейге көтерілген спортшы. Бибісара Қазақстан тарихында алғаш рет үш дүркін әлем чемпионы атанған», – дейді спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
Естеріңізге сала кетейік, дәл осы шенеунік екі аптадан астам уақыт бұрын – 10 маусымда Астанада Бибісара көтерген мәселеге қатысты шұғыл брифинг өткізіп, елдің мықты спортшыларын «тым еркелеп кетті» деп сынаған. Ал бүгін вице-министр шахматшымен арадағы қаржы дауы шешілгенін айтып отыр.
Бұған қоса, спорт министрлігінің 2025 жылғы желтоқсанда тағайындалған II дәрежелі «Барыс» орденін Асаубаеваға салтанатты түрде тапсыратыны мәлім болды. Бұған дейін шахматшы былтырғы мемлекеттік марапатты әлі алмағанын мәлімдеген.
«Бибісара жақында Астанаға келіп, мемлекет беріп жатқан үлкен марапатын алады», – дейді Жарасбаев.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева апта басында Гонконгтағы әлем чемпионатынан Өзбекстанға ұшып келді. Ташкент әуежайына оны өзбек блогері гүлмен күтіп алды. 1,2 мың өзбек жанкүйері онымен бетпе-бет кездесуге ниет білдірген.
Естеріңізге сала кетейік, маусым айының басында Асаубаева айлығын 300 мың теңгеге дейін қысқартып тастағанына ренжіп, президентке үндеу жолдаған. Спорт министрлігіндегілер шұғыл түрде журналистерді жинап, чемпиондар «тым еркелеп кетті» деп сынаған. Бибісара болса шахматты басымдыққа ие спорт түрлерінен шығарып тастаған министрін «бағытынан адасқан» деп сөккен.