
Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Гон Хи тағы жеті жылға сотталды. Бұл жолы Сеул соты оны зергерлік бұйымдар мен Dior сөмкесін саяси преференцияға алмастырды деп таныды.
2025 жылғы биліктен тайдырылған экс-президент Юн Сок Ёльдің әйеліне қатысты сот үкімі 26 маусым, жұма күні шықты. Ким Гон Хи күйеуі президент атанғанға дейін және ел басқарған уақытта да пара алған.
«Бірінші ханым жұмыс орындары мен іскерлік преференциялар ұсыну үшін билігін пайдаланған. Ол параны еш ойланбастан алған», – деп мәлімдеді Сеул орталық аудандық сотының судьясы. Оның сөздерін Reuters жариялады.
Мәліметтерге қарағанда, саясаткердің әйелі алған қымбат сыйлықтар ішінде Van Cleef & Arpels алқасы, Tiffany түйреуіші, Graff сырғалары бар. Ким алтын тасбақа, Dior сөмкесі, 25 мың доллардың Vacheron Constantin сағатын, 91 мың доллардың картинасын пара ретінде алған.
Судья бұрынғы бірінші ханымның осы әрекеттерінен көпшілік мемлекеттік тағайындаулардың әділдігіне сенімсіздікпен қарай бастады дейді. Сот өкілі ханымға сыйлық бергендер арасында түрлі салада істейтін топ-менеджерлер болғанын алға тартты.
Сеул соты Кимді жеті жылға соттап қана қоймай, оған 64,8 млн вон (шамамен 42 мың доллар) айыппұл салды. Бұған қоса экс-президент әйелінінің сыйлық ретінде алған қымбат заттары тәркіленеді.
Тағылған айыптардың бәрін жоққа шығаратын Ким Гон Хи қазір түрмеде отыр. Бұған дейін ол діни ұйымнан пара алып, қаржы нарығындағы манипуляциясы үшін төрт жылға сотталған. Ал оның күйеуі Юн биыл ақпанда өмірлік түрме жазасына кесілген. Сот экс-президентті бүлік ұйымдастырды деп таныған.