
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов дрондардың шабуылынан зардап шеккен қазақ газын өңдейтін Орынбор зауытын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
«Бүгінгі таңда Орынбор газ өңдеу зауытында Қарашығанақтан газ қабылдауды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бізде ақпарат сәл шектеулі болып отыр. Сол себепті ресейлік әріптестеріміздің жауабын күтеміз», – деді ол.
Сонымен қатар Ерлан Ақкенженов дрондар шабуылынан кейін қазіргі уақытта газ қабылдау көлемі азайғанын айтты.
«Бүгінгі таңда біз Қарашығанақ кен орнында өндірісті 34 мыңнан 25 мың тоннаға дейін қысқартуға мәжбүр болдық. Яғни, қысқарту көлемі 9 мың тоннаны құрап отыр. Соған сәйкес, қазір бізде газ қабылдау да азайды. Дегенмен, бүкіл Қазақстанды газбен қамтамасыз ету ісі бұзылған жоқ», – деді ол.
Ол сондай-ақ Қазақстан газ жеткізу бойынша барлық міндеттемелерін толық көлемде орындап жатқанын атап өтті.
Бұдан бөлек, Ақкенженов Қазақстанның Ресейден отын жеткізуге қатысты ресми өтініш алмағанын тағы бір мәрте қайталап өтті.
Айта кетейік 24 маусымға қараған түні Украина дрондары Ресейдің Орынбор облысындағы «Газпром» нысандарына, атап айтқанда, газ өңдеу және гелий зауытына соққы жасады. Оқиға салдарынан кәсіпорын аумағында бірнеше жерде өрт шыққан.