
Көрнекті ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Қадыржанов дүниеден өтті. Қаралы хабарды ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жеткізді.
Қайрат Қадыржанов – ядролық физика мен радиациялық материалтану саласының көрнекті өкілі, тәуелсіз Қазақстандағы ядролық ғылымның негізін қалаушылардың бірі.
Ол жиырма жылға жуық уақыт бойы Ядролық физика институты мен Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына басшылық еткен.
Қадыржановтың жетекшілігімен жүзеге асқан жобалар бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағын оңалтуға, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және радиациялық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталды.
«Қайрат Қадыржанов Ядролық физика институтының Астанадағы филиалын құруға да тікелей ұйытқы болды. Оның бастамасымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ядролық физика институты және Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институты арасында үшжақты ынтымақтастық орнап, «Ядролық физика» мамандығы бойынша қос дипломды білім беру бағдарламасы іске қосылды», – деп жазды министр.
Айта кетейік, 2026 жылдың сәуірінде Саясат Нұрбек Қайрат Қадыржановқа «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағын табыстады.