Жаңалықтар

2027 жылы ең төменгі жалақы мөлшері өсе ме – министр жауабы

Келесі жылы ең төменгі жалақы мөлшері артады
Келесі жылы ең төменгі жалақы мөлшері артады / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда келесі бюджетті қалыптастыратын кезде ең төменгі жалақыны өсіру туралы мәселе қарастырылады. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

«Келесі бюджетте ең төменгі жалақыны өсіру бағытында қандай да бір іс-қимылдарды қарастыратынымыз анық. Әзірге оның қаншалықты және қалай болатынын нақтылаймыз», – деді Жұманғарин.

Сонымен қатар үкімет алдағы уақытта тек ең төменгі жалақыны ғана емес, мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала (мұғалімдер, дәрігерлер т.б.) қызметкерлерінің де еңбекақысын көтеру мәселесін қосымша қарастыратынын мәлімдеді.

Инфляция мен табыс теңсіздігі

Вице-премьер Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейінгі брифингте елдегі инфляция деңгейінің жоғары болуы халықтың нақты табысына кері әсер етіп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, соңғы бес жылда инфляция көрсеткіші кем дегенде 8%-ды құрап, кейбір жылдары 10%-ға дейін жеткен. Айтуынша, егер бұл үрдіс жалғаса берсе, қымбатшылық халықтың нақты кірісін «жеп қояды».

Қазіргі уақытта елде экономика өскенімен, халықтың нақты табысы артпай отырған теңгерімсіздік байқалады.

Алайда Серік Жұманғарин мәселені жай ғана жалақыны көтерумен шешу мүмкін емес екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл бағытта кешенді тәсілдер қажет.

«Мәселені жалақыны жай ғана көтерумен шешу мүмкін емес. Экономика секторларындағы еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын құру қажет», – деді министр.

Үкімет алдағы уақытта экономика секторларындағы еңбек өнімділігін арттыруды, тұрақты әрі тиімді жұмыс орындарын құруды және адами капиталды дамытуды басты назарда ұстайды.

Айта кетейік, бұған дейін 15 сәуірде ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин төменгі жалақы 150 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін екенін айтқан еді.

Алайда Вице-премьер Жұманғарин 8 мамырда Астанада өткен брифингте төменгі жалақы көлеміне қатысты сауалға аса сақтықпен жауап берді