
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқулықтарының қайта жазылу себебін түсіндіріп берді.
Айтуынша, биыл 3О тамызға дейін үшінші және тоғызыншы сыныптардың оқулықтары қайта басылып шығады. Сондай-ақ 30 желтоқсанға дейін төртінші, келесі жылдың 1 сәуіріне дейін сегізінші сынып оқулықтары дайын болады.
«Барлық пән бойынша оқулықтар жаңарады. Тек Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы ғана ерекше. Біз жеті томдықты күтіп отырмыз, ал қалған пәндердің бәрі қайта басылады», – деді министр.
Министр сөзінше, кітаптардың жаңарғаны бұған дейінгі еңбектерде қателік болды дегенді білдірмейді.
«Заңнамалық негіздерге сәйкес, әр бес жыл сайын оқулықтар қайта басылып тұруы керек. Қазір 2017 жылғы оқулықтар қолданылып жүргендіктен, бұл кітаптарды қайта тексеріп шықтық. Оқу бағдарламалары жаңартылды, соған байланысты оқулықтар қайта басылып жатыр», – деп түсіндірді ол.
Еске сала кетейік, Жұлдыз Сүлейменова елдегі жетекші баспа басшыларын Астанаға жинап, оқулықтардағы қателерді жою керектігін ескертті. Себебі оқу құралдарынан 700-ден астам қате табылған.