
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры жаңа оқу жылында білім беру гранттарын тағайындаудың тәртібін жариялады.
Қордың жаға тұжырымдамасына сәйкес, ауылдық елді мекендерден, шағын және моноқалалардан шыққан жастарды қолдау шаралары күшейтіледі. Биылғы оқу жылында қор 350 студенттің оқу ақысын төлеуді және ай сайын шәкіртақы береді.
Грантқа ауылдық елді мекендердегі, шағын және моноқалалардағы мектептердің 25 жасқа дейінгі (қоса алғанда) түлектері құжат тапсыра алады. Грант берілетіндер тізімі:
- жетім балалар және кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- мүгедектігі бар адамдар;
- мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары.
Қор бір академиялық жыл үшін оқу ақысын 1 миллион теңгеге дейін төлейді, сондай-ақ оқу жылының 10 айы бойы ай сайын 60 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындайды. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда шәкіртақы мөлшері 1,5 есеге өсіп, 40 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтерілді.
Талапкерлерден құжаттарды қабылдау 2026 жылдың 1-17 тамызы аралығында жүзеге асырылады. Грант иегерлері тізімі қордың ресми сайтында 11 қыркүйекке дейін жарияланады.
Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінгенін айтты.