Жаңалықтар

«Табысын жасырып отыр»: Жұмабек Жанықұловтың экс-әйелі мәлімдеме жасады

коллаж: kursiv.media

Алматы қаласының ювеналды сотында қоғам назарын аударған үлкен даулы процесс жүріп жатыр. Бес баланың анасы Жанна Жанықұлова 20 жыл отасқан бұрынғы күйеуі, белгілі кәсіпкер Жұмабек Жанықұловтың үстінен сотқа шағым түсірді. Істің негізгі түйіні миллиардтаған активтер мен балалардың несиесіз, жарқын болашағы үшін күрес.

20 жылдық некенің соңы

Жанна Жанықұлова барлық бес баласын да заңды некеде дүниеге әкелгенін айтады. Алайда, екі онжылдыққа созылған отбасылық өмірдің күл-талқаны шығуына күйеуінің тұрақты опасыздықтары мен екінші әйелі алуы себеп болған. Ендігі кезекте бұрынғы жолдасы неке шарты мен алимент туралы келісімді жарамсыз деп танып, балалардың несібесін шектемекші.

24 маусымда өткен сот отырысынан кейін талапкер тарапы судьяның әділдігіне үлкен күмән келтірді. Себебі, судья ана мен балалардың мүддесін қорғайтын бірде-бір өтінішті қанағаттандырмай тастаған. Әсіресе, жауапкердің нақты табысын анықтау туралы талап мүлдем ескерусіз қалды.

«Салық басқармасының ресми құжаттары бойынша, оның тек бір ғана «Каражал Оперейтинг» компаниясының 3 жылдық табысы 12 млрд теңгеден асқан. Ал оның иелігінде мұндай 18 компания бар! Судья бұл сомаларға көз жұма қарады. Сол себепті біз судьяға қарсылық білдірдік», – деп мәлімдеді Жанна Жанықұлова.

Көпбалалы ананың қоғамға үндеуі

Жанна өзінің бұрынғы күйеуі бай және билікте таныстары көп болғандықтан, сотты ақшамен немесе таныс-тамырлықпен жеңіп кетуі мүмкін деп қауіптенеді.

Ол өз активтерін бес баласынан қызғанып, тығып қалғысы келетін экс-күйеуіне қарсы тұру үшін бүкіл елден көмек сұрайды. Жоғарғы сот органдары мен лауазымды тұлғалардан соттың объективті, таза және тек заң шеңберінде өтуін талап етеді.

Айта кетейік, 2022 жылы Жұмабек Жанықұлов Forbes Kazakhstan ұсынған «Қазақстанның 50 ең ықпалды бизнесмені» тізімінде 46-орынға тұрақтаған. 2025 жылы сәуір айында журналист Динара Сәтжан мен кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов үйленген еді.