
Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфиновтің қызметінен кету себебін түсіндіріп, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Байсуфиновтің кету себебі
Федерация басшысының мәлімдеуінше, бас бапкер қызметінен өз қалауымен кеткен.
«Ол кісі өз еркімен кетті. Өкінішке қарай, жағдай солай болып қалды. Дегенмен біз алға жылжуымыз керек. Талғат Маруаұлына атқарған жұмысы үшін алғыс айтамыз, ол бәрібір футбол жүйесінде қалады», – деді Марат Омаров .
Сонымен қатар, БАҚ беттерінде тараған бапкердің жалақысы мен құрамаға жағдай жасалмағаны туралы ақпаратқа қатысты ҚФФ президенті келесідей жауап берді:
Бапкерлік штаб пен құрама үшін барлық жағдай (оның ішінде чартерлік рейстер де) толық жасалды. Жалақы туралы ақпарат – коммерциялық құпия. Федерация бұл мәліметті сыртқа шығарған жоқ, деді Федерация президенті.
Ұлттық құраманың жаңа бапкері кім болады?
Журналистердің «Бас бапкерлікке негізгі кандидаттар кім?» деген сұрағына федерация басшысы нақты есімдерді атамады, бірақ үміткерлер тізімі дайын екенін жеткізді.
Қазіргі уақытта үміткерлердің нақты тізімі бар. Олардың қатарында отандық мамандар да, шетелдік бапкерлер де қарастырылып жатыр. Федерация таңдау жасау кезінде асықпай, барлық нұсқаны мұқият саралайтын болады.
Премьер-лига матчтарындағы ыстық ауа райы мәселесі
Журналистер елдегі аптап ыстыққа байланысты Премьер-лига ойындарында футболшылардың денсаулығы үшін Әлем чемпионатындағыдай арнайы су ішуге арналған үзілістер (тайм-ауттар) енгізу мүмкіндігін сұрады.
Марат Омаров чемпионат басталып кеткендіктен, әзірге регламент қайта қаралмағанын айтты. Алайда, футболшылардың денсаулығы мен стадиондардың ескіруіне байланысты бұл мәселе алдағы уақытта бақылауда болатынын және жаңа стадиондар салу жоспары бар екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов 22 маусым күні қызметінен кеткен еді.