
Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіне қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің қызметімен танысты. Сондай-ақ әскери колледж бастығы Айбек Ғабдраховқа автобус кілтін тапсырды.
Ақорданың хабарлауынша, президентке халықаралық әскери-патриоттық жиынға қатысушылардың Dubai SWAT Challenge кедергілер жолағының баламасы ретінде жасалған «Айбын» кедергілер жолағымен жүріп өткен сәті және атыс дайындығын пысықтайтын Action Air дайындық алаңы көрсетілді.
Сонымен қатар Aibyn App цифрлық платформасы мен колледж кітапханасы таныстырылды.
Бұдан бөлек, президент оқу-зертхана кешенін аралаған. Мұнда кадеттер елімізде құрастырылған симуляциялық қондырғыларда жаттығады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа отандық «Арлан» брондалған көлігі және ұшқышсыз авиация технологиялары секілді заманауи әскери техникалардың үлгілері көрсетілді.
Айта кетейік, қорғаныс министрлігінің кадет корпусы президенттің 1996 жылғы 1 шілдедегі жарлығымен құрылған. 2000 жылы оқу орнына қазақ ғалымы және офицері Шоқан Уәлихановтың есімі берілді. 2020 жылы Кадет корпусының атауы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж болып ауысты.
Бұған дейін президент әскерге шақыру, ант қабылдау және әскери қызметтен босату жаңа форматта ұйымдастырылатынын айтты.