
Елдегі бюджет шығысының жартысынан астамы әлеуметтік салаға бағытталған, бірақ алдағы уақытта бұл саясат өзгеруі мүмкін. Осылай деген ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жоспарларымен бөлісті.
Әлеуметтік шығындар өсті
Вице-премьердің айтуынша, қазір мемлекеттік бюджет (республикалық және жергілікті бюджеттерді қосқанда) шығыстарының 50,2%-ы тікелей әлеуметтік салаға кетеді. Жеке атап өтетін болса, ол көрсеткіш республикалық бюджетте 38,7%-ды, ал жергілікті бюджеттерде 48,2%-ды құрап отыр.
Жұманғаринның дерегінше, 2020 жылы әлеуметтік төлемдер 3,3 трлн теңгені құраса, 2026 жылдың бюджетінде бұл көрсеткіш 6,7 трлн теңге болып тұр. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлемдері 2 есе өсті – 367 миллиардтан 742 миллиард теңгеге дейін жетті.
«Жалпы алғанда, әлеуметтік төлемдер, айтарлықтай өсті. Сондықтан бүгінгі күні алдымызда тұрған міндет – әлеуметтік сала шығындарын оңтайландыру. Яғни, біз әлеуметтік төлемдер шынымен мұқтаж жандарға, тиісті жеріне жетуі керек деп отырмыз. Сөз төркінін дұрыс түсінулеріңізді сұраймын, әңгіме әлеуметтік төлемдерді тоқтату туралы болып отырған жоқ. Біз әлеуметтік төлемдерді оңтайландырамыз», – деп түсіндірді ұлттық экономика министрі.
Серік Жұманғаринның сөзінше, үнемделген ақша халыққа басқа жолмен, білім беру, медицина тәрізді салалар арқылы қайтуы керек.
Келесі жылдан бастап 860 миллиард теңге қайта бағытталады
Министр бұл саясатты бюджет тапшылығы мен мемлекет қарызын азайтуға бағытталған фискалдық консолидация саясатының бір бөлігі деп түсіндірді. Қазір үкімет алдында бюджет тапшылығын азайту және мемлекет қарызын төмендету деген міндет тұр.
«Бірақ мұны қалай жасауға болады? Тек кірісті арттыру арқылы ғана іске асыруға аламыз. Өткен жылы салық реформасын жүргіздік, енді онымен қатар шығындарды да қысқарту қажет. Сондықтан келесі жылдан бастап бюджеттегі кем дегенде 860 млрд теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемдер оңтайландырылып, жоғарыда айтқан (білім беру, медицина – ред.) салаларға қайта бағытталады. Өткен жылы салық реформасы арқылы кірісті арттыру шаралары жасалса, ендігі кезек шығындарды ретке келтіруге келді», – дейді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, үкімет отырысында республикалық бюджеттің орындалуы сөз болды. Қаржы министрі Мәди Такиевтің баяндамасына сүйенсек, 2025 жылы республикалық бюджет шығыстары 99%-ға орындалып, 25,5 трлн теңгені құрады. Бюджет орындалуы туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.