Жаңалықтар

Жаңа оқу жылынан бастап оқушылар сабақ үстінде телефон ұстай алмайды – министр

Оқушылар смартфондарын сабақ үстінде қолдана алмайды
Оқушылар смартфондарын сабақ үстінде қолдана алмайды / фото: shutterstock

Жаңа оқу жылынан бастап 7-сыныпқа дейінгі балалар сабақ уақытында смартфон пайдалана алмайды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.

Телефонға тыйым салу қалай реттеледі?

Айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап балалардың сабақ үстінде смартфондарды пайдалануы белгілі ережелерге сәйкес реттелетін болады.

«Қазіргі уақытта смартфондарды пайдалануды реттеуге қатысты ережелер бар. Меніңше, жоғары сыныптарда көптеген пәндер онлайн-платформалар арқылы өтеді. Мысалы, ҰБТ-ға немесе басқа да емтихандарға дайындық кезінде қажет болуы мүмкін, бұны мұғалімдер қауымдастығымен әлі де талқылаймыз. Ал басқа жағдайларда, 7-сыныпқа дейінгі балалар сабақ уақытында смартфондарын өткізуі тиіс болады», – деді ол.

Сондай-ақ, мнистрдің айтуынша, қазіргі уақытта балаларға әлеуметтік желілерді неше жастан бастап ашуға рұқсат беру керектігі туралы мәселе де қаралып жатыр.

«Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп балаларға әлеуметтік желілерде неше жастан бастап өз аккаунтын ашуға рұқсат беру керектігі туралы мәселені қарастыру үстіндеміз. Бұл да әлі ашық сұрақ, біз мұны да талқылап, көптеген жағдайларды, соның ішінде буллинг пен кибербуллинг мәселелерін талдаймыз», – деді министр.

Білім жүйесіне планшет енгізу туралы

Министр білім жүйесіне енгізілетін планшеттерге де қатысты пікір білдірді. Себебі бүгінде полиция баланың көру қабілеті нашарлап кеткенін айтып, дабыл қағып отыр.

Айтуынша, планшет енгізу 7 мен 11 сынып аралығына қатысты.

«Бала денсаулығыны қатысты барлық мәселені міндетті түрде Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп шешеміз. Сонымен қатар, біз қағаз оқулықтардан бас тартпаймыз, сол себепті бұл мәселе министрліктің бақылауында тұр», – деді ол.

Айта кетейік, бала сабақ үстінде смартфонмен ұсталып қалса, ата-анаға бірінші ескерту жасалады. Егер жағдай қайталанса 5 АЕК көлемінде – 19 660 теңге айыппұл салынады.