
Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов бұрынғы әйелінің мәлімдемесіне пікір білдірді. Бұл туралы Bairaq Media жазды.
Бұған дейін Жанна Жанықұлова сотқа жүгініп, 20 жыл отасқан бұрынғы күйеуіне талап арыз жолдады.
«Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, сондықтан барлық дауды әлеуметтік желіде емес, сот арқылы шешуіміз керек. Ал дәл қазір сот процесі жүріп жатқан кезде бұрынғы жұбайымның әлеуметтік желі арқылы сотқа қысым көрсетуге тырысуын дұрыс емес деп санаймын», – деді ол.
Кәсіпкер қазір сотта бұрынғы әйелі талап арызы қаралып жатқанын растаған.
«Иә, қазір сотта талап арызы қаралып жатыр. Ол үш жылдан астам уақыт бұрын өзі қол қойған құжаттардың заңдылығына күмән келтіріп отыр», – деген Жанықұлов.
Сөзінше, неке шарты мен басқа да құжаттарды рәсімдеуге екі тараптың адвокаттары қатысқан.
«Екі тарап ортақ келісімге келгеннен кейін нотариустың қатысуымен барлық қажетті құжатқа қол қойдық. Бірақ уақыт өте келе оның көзқарасы өзгерген сияқты. Енді бұл жағдайға соттың қандай баға беретінін күтіп отырмыз», – деді ол.
Жұмабек Жанықұлов бұған дейін жасалған келісімдерде көзделген барлық міндеттемелерді орындап жатқанын және балаларын қамтамасыз етіп отырғанын айтты.
«Балаларымызбен қарым-қатынасым өте жақсы. Оларды қамтамасыз етіп, қолдап келемін және мұны алдағы уақытта да жалғастыра беремін», – деді кәсіпкер.
Жанна Жанықұлова отбасылық өмірдің күл-талқаны шығуына күйеуінің опасыздық жасауы мен екінші әйел алуы себеп болғанын мәлімдеді.