
Тұтынушылық сұраныстың төмендеуі бизнеске кері әсер етіп жатыр. Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, макропруденциялық реттеу шараларының арқасында биылғы алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша елде тұтынушылық несиелеу өсімі 2,1%-ды құраған. Алайда бұл көрсеткіш тұтынушылар сұранысына тәуелді экономиканың жекелеген салаларына айтарлықтай қысым түсіріп отыр.
«Егер бес айдың қорытындысында азық-түлік тауарлары секторының өсімі 10,7%-ды құраса, азық-түлікке жатпайтын тауарлар секторындағы өсім небәрі 0,7% болды. Яғни бұл салада баяулау байқалады. Мұндай қарқын сақталса, теңгерімсіздік туындауы мүмкін екенін түсінеміз. Соның салдарынан кәсіпкерлер зардап шегуі ықтимал. Қазір осы салаға қатысты өңірлерден ақпарат жинап жатырмыз», – деді Серік Жұманғарин Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін өткен брифингте.
Вице-премьердің айтуынша, тұтынушылық сектордағы белсенділік логистика, сауда және басқа да қызмет көрсету салаларының жұмысына тікелей әсер етеді.
«Алдағы уақытта осы жанама экономикалық әсерлердің әлсіреуін байқауымыз мүмкін. Бұл өз кезегінде экономиканың басқа салаларына да кері ықпал етеді. Өйткені тұтынушылық несиелеу арқылы экономикаға түскен қаражат қоғамдық тамақтану орындарына, мейрамханалар мен кафелерге, тұрғын үйді жалға беру нарығына және жалпы қызмет көрсету секторына таралып отырды», – деп түйіндеді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, Қазақстанның ішкі сауда нарығындағы өсім қарқыны тежеле бастады. Әсіресе, халықтың күнделікті тұрмысы мен сатып алу қабілетін тікелей көрсететін бөлшек сауданың өсімі көтерме саудамен салыстырғанда айтарлықтай баяулап, нарықтағы ахуалдың күрделене түскенін аңғартты.