Жаңалықтар

Елімізде дефектологтар колледждерде оқытыла бастайды

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілмек. Енді дефектологтар колледждерде даярланып, мектептерде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы сыныптар кезең-кезеңімен ашылады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.

Дефектологтар колледждерде даярланады

Министрдің айтуынша, елде дефектологтар мен логопедтердің тапшылығы сақталып отыр. Осы мәселені шешу үшін мамандарды даярлау жүйесіне өзгеріс енгізу жоспарланған.

«Қазір дефектолог, логопед мамандары жетіспейді. Жуырда колледждерге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мәселесі бойынша облыс әкімдерінің орынбасарларымен кеңес өткіздік. Оның аясында Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, дефектологтарды тек университеттерде ғана емес, колледж деңгейінде де жедел даярлау мәселесін пысықтап жатырмыз», – деді министр.

Әр мектепте арнайы сынып ашылуы мүмкін

Биыл бірінші сыныпқа баратын балалар саны рекордтық деңгейге жетеді. Осыған байланысты білім беру жүйесіне дайындық күшейтілген. Инклюзивті білім беру саласындағы негізгі құжаттар қайта қаралып жатыр. Сондай-ақ мектептерде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған сыныптар ашу мәселесі де күн тәртібінде тұр.

«Бұл мәселе жыл өткен сайын өзекті болып келеді. Сонымен бірге әрбір мектепте арнайы сынып ашу мәселесін қарастырып жатырмыз. Қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті білім беру стратегиясын қайта қарап жатыр. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған арнайы инклюзивті бағдарламалар әзірленуде», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оның айтуынша, әлеуметтік педагогтер мен басқа да мамандардың әлеуметтік кепілдіктері, сондай-ақ балалармен жұмыс істеу нормативтері де қайта қаралады.

Ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 мыңнан астам оқушы бар

Министрдің мәліметінше, бүгінде елімізде мектеп жасындағы ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 217 оқушы бар. Оның 17 мыңға жуығы денсаулық жағдайына байланысты үйде білім алады. 57 502 баланың мүгедектігі бар.

«Қалған балаларға қолдау көрсету үшін мектептерде әлеуметтік педагогтер жұмыс істейді. Сонымен қатар арнайы мектептерді жабық жүйе ретінде емес, ашық форматқа көшіру мәселесін талқылап жатырмыз», – деді министр.

Министр әзірге биыл нақты қанша инклюзивті сынып ашылатынын айтпады. Оның сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар инклюзивті білім беру стратегиясын жаңарту аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Осыған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқулықтарының қайта жазылу себебін түсіндіріп берді. Айтуынша, биыл 3О тамызға дейін үшінші және тоғызыншы сыныптардың оқулықтары қайта басылып шығады.