Жаңалықтар

Ресейдің Қазақстаннан 50 мың тонна бензин сұрағаны рас па – министр жауабы

Фото: kursiv.mediа, Серікжан Қобалнбаев

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстаннан Ресейге бензин жеткізілуі мүмкін деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

Журналистер министрден Ресейдің Қазақстаннан бензин жеткізуді сұрағаны туралы ақпараттың рас-өтірігін сұрады. Сондай-ақ 50 мың тонна жанармай жеткізілуі мүмкін деген мәліметтің қаншалықты шындыққа жанасатынын нақтылады.

«Ресей тарапынан бізге ресми түрде ешқандай өтініш түскен жоқ. Тағы да қайталап айтамын, мұндай ресми сұраныс болған жоқ», – деп жауап берді Ерлан Ақкенженов үкімет кулуарында.

Тілшілер Ресейден ресми өтініш түссе, Қазақстан жанармай экспорттау мәселесін қарай ма деген сауал қойды. Ақкенженов мұндай жағдайда өтініш белгіленген тәртіппен қаралатынын айтты.

Еске салсақ, осыған дейін Ресей Қазақстаннан шамамен 50 мың тонна АИ-92 бензинін алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқаны жөнінде ақпарат тарады. Мәскеу сол арқылы ел ішіндегі жанармай тапшылығын азайтқысы келеді.