
Алматыда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай журналистер мен медиа саласының мамандарына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жаңа пәтерлердің кілті табыс етілді.
Жаңа баспанаға «Qazaqstan», «Хабар», «Евразия», КТК және «31 арна» телеарналарының, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің, сондай-ақ «Жас Алаш», «Время», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан» газеттері мен «Шалқар» радиосы редакцияларының қызметкерлері ие болды. Жалпы алғанда 15 пәтердің кілті берілді.
Шараны «Dara» президенттік бастамалар қоры ұйымдастырды. Рәсімге Президенттің кеңесшісі, баспасөз хатшысы Айбек Смадияров қатысып, журналистерді қоныс тойымен құттықтады.
«Президент ел мен ұлт игілігі үшін еңбек етіп жүрген журналистердің еңбегін ерекше атап өтті, сондай-ақ ақпарат айдынында күн сайын тер төгіп жүрген аймақтық тілшілерді қолдау қажеттілігіне тоқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілттері табысталады», – деп атап өтті Айбек Смадияров.
Еске сала кетейік, 2026 жылы бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне 66 пәтер беру жоспарланған. Оның ішінде 15 пәтер Астанадағы журналистерге, тағы 15-і Алматының медиа саласы өкілдеріне арналған, ал еліміздің 18 өңірінің әрқайсысында БАҚ қызметкерлері екі пәтерден алады.
Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж жандардың тізімін «Dara» президенттік бастамалар қоры, Президент Іс Басқармасы, жергілікті атқарушы органдар және бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары бірлесіп жасақтады.