Жаңалықтар

Сайлау алдында Қазақстан халық партиясы төрағасын ауыстырды

Фото: Қазақстан халық партиясы

Қазақстан Халық партиясында (ҚХП) басшылық ауысты. Астанада өткен кезектен тыс съезде делегаттар ҚХП-ның жаңа төрағасы етіп Нұрсұлтан Шоқановты сайлады. Ал соңғы үш жыл бойы партияны басқарған Ермұхамет Ертісбаев өз лауазымынан кетті.

«Бүгінде Халық партиясы – көмек сұрап келетін орын және біздің жұмысымыздың басты нәтижесі де осы», – деді Ертісбаев төраға ретіндегі соңғы сөзінде.

Оның дерегінше, ҚХП фракциясының депутаттары VIII шақырылым басталғалы бері үкіметке 591 депутаттық сауал жолдаған. Осы уақыт ішінде партия қатарына 43 мыңнан астам жаңа мүше қосылған.

Ертісбаев өз ізбасарын таныстыра отырып, оның партиялық және басқарушылық жұмыстағы тәжірибесін атап өтті.

Нұрсұлтан Шоқанов 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. КИМЭП-ті «Қаржы» мамандығы бойынша бітірген, кейін Швейцарияда Executive MBA дәрежесін алған. «Ernst & Young» халықаралық аудиторлық компаниясында және «Сандриллинг» мұнай сервистік компаниясында жұмыс істеген, содан кейін кәсіпкерлікпен айналысқан.

2021 жылдан бастап Шоқанов ҚХП атынан Алматы қаласы мәслихатының депутаты болды, ал 2022 жылдың желтоқсанынан бастап партияның Алматыдағы алдымен қалалық, кейін облыстық филиалдарын басқарды. Кейінірек ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Құрылтай сайлауы қарсаңында төрағасын осымен үшінші партия ауыстырды. 13 маусымда «Ақ жол» демократиялық партиясын 15 жыл басқарған Азат Перуашев өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Ал 23 маусымда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезекті тыс съезі өтіп, төраға Серік Егізбаев өз еркімен қызметінен кетті.

Тағы да оқыңыз: Құрылтай сайлауынан кейін саяси партияларға қаржы қалай бөлінеді