Жаңалықтар

Жамбыл облысында әлеуметтік-экономикалық даму жоспары басты назарда

фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты берген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті.

Кеңесте облыс әкімі Мемлекет басшысының облыс әкімдерімен телефон арқылы сөйлесу барысында жүктеген міндеттеріне ерекше тоқталды. Президент өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруды, азаматтарды толғандырған әлеуметтік мәселелерді шешу үшін нақты әрі жедел шаралар қабылдауды, балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысын жеделдетуді, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстарды күшейтуді, тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнатуды, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Мемлекет басшысы жүктеген барлық міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуы – басты талап. Әрбір басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері өздеріне жүктелген міндеттер бойынша нақты нәтижеге жұмыс істеуі тиіс, – деді Ербол Қарашөкеев.

Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, энергетика, ақпараттық саясат және қоғамдық-саяси ахуал мәселелері жан-жақты қаралды.

фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, қаңтар–мамыр айларында облыстың қысқа мерзімді экономикалық өсімі 115,2 пайызды құрады. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 405,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57,2 пайызға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 388,2 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 179,2 пайыз болды. Осы көрсеткіш бойынша Жамбыл облысы республикада бірінші орынға шықты.

Президент тапсырмаларын орындау аясында облыстың 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфелі қалыптастырылды. Жалпы құны 5,5 трлн теңгені құрайтын 116 жобаны іске асыру нәтижесінде 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 47 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 2,7 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған.

Облыс әкімі барлық жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді күшейтуді және қала мен аудан әкімдеріне қажетті әдістемелік қолдау көрсетуді тапсырды. Кеңесте Президенттің әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы да қаралды.

Қазіргі таңда облыста білім беру саласында 14, денсаулық сақтау саласында 5, мәдениет саласында 11 және спорт саласында 7 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл басынан бері Шу ауданында екі білім беру нысаны, Жуалы және Қордай аудандарында үш мәдениет үйі пайдалануға берілді. Қалған әлеуметтік нысандар бойынша құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жалғасуда.

фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ербол Қарашөкеев жауапты тұлғаларға мектептер, денсаулық сақтау ұйымдары, мәдениет және спорт нысандары, сондай-ақ теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Газдандыру жобаларының орындалуы да кеңестің негізгі тақырыптарының бірі болды. Облыс әкімі «Шу» автоматты газ тарату станциясының құрылысын және Шу мен Сарысу аудандарындағы газдандыру жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды міндеттеді.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жүзеге асырылуы

Ербол Қарашөкеев республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойындағы сервистік нысандардың санитарлық жағдайын сынға алып, автотұрақтар мен санитарлық тораптарды қысқа мерзімде талапқа сай ретке келтіруді тапсырды. Сондай-ақ елді мекендердің тазалығы мен абаттандыру жұмыстары тұрақты бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті.

Жиында қоғамдық-саяси ахуал мен ақпараттық жұмыстар да қаралды. Облыс әкімі мемлекеттік органдар тұрғындардың өтініштері мен сауалдарына уақытылы әрі нақты жауап беруге міндетті екенін айтып, халықпен кері байланысты күшейтуді тапсырды.

Кеңесте Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да сараланды. Президент тапсырмалары аясында соңғы жылдары қалада бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 12 тұрғын алқабы мен 28 саяжайға ауыз су желілері тартылып, орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 100 пайызға жетті. Соңғы төрт жылда 514 көшеге асфальт, 320 көшеге қиыршық тас төселіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 71,5 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар соңғы үш жылда 276 көшеге көше жарығы орнатылып, 908 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы жарықтандырылды. Биыл қосымша 43 көшеге жарықтандыру жүйесін орнату жоспарланып отыр.

фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Кеңесті қорытындылаған Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің орындалуына әрбір мемлекеттік органның бірінші басшысы тікелей жауапты екенін атап өтті.

Облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын, бюджет қаражатының тиімді әрі заңды игерілуін, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашық жүргізілуін, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауды, әлеуметтік желілердегі кері байланысты күшейтуді және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды.

Барлық мәселені бірінші басшы ретінде жеке бақылауларыңызға алыңыздар. Жекелеген азаматтардың әлеуметтік сұраныстары уақытылы шешілмей, саяси күн тәртібіне айналып кетпеуі тиіс. Халықпен күнделікті жұмыс істеп, көтерілген әрбір мәселе бойынша нақты нәтиже көрсетіңіздер, – деп түйіндеді Ербол Қарашөкеев.