
Қазақстанда 2019 жылдан бастап Үкімет қаулысымен 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі күні болып бекітілген. Оған дейін осы сала мамандары төл мерекесін маусым айының соңғы жексенбісінде атап келген.
БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесін 28 маусымда атап өтуінің тарихи негізі бар. Дәл осы күні, 1997 жылы 28 маусымда, сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» алғашқы Заң қабылданған.
Бұл заң еліміздің ақпарат саласындағы қатынастарды реттеп, журналистиканың құқықтық негізін қалыптастырды.
Бүгінде елімізде 5303 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде 3181 мерзімді баспасөз басылымы, 253 телеарна, 315 шетелдік телеарна, 97 радиоарна, 1457 ақпарат агенттігі мен интернет-басылым бар.
Айта кетейік, кәсіби мереке қарсаңында Астанада журналистерге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан 66 пәтер кілттері табысталды.