Жаңалықтар

Иран жауап ретінде АҚШ-тың екі әскери базасына соққы жасады

Иран Парсы шығанағындағы АҚШ-тың әскери базаларына соққы берді
Иран АҚШ-тың әскери базаларына соққы берді / фото: Getty Images

Жексенбі күні таңертең Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Кувейт пен Бахрейндегі америкалық әскери базаларға шабуыл жасады.

Tasnim агенттігінің жазуынша, соққылар АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылдарына жауап ретінде ұйымдастырылды.

«Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, Кувейттегі «Али әл-Салем» базасы мен Бахрейннің Салман портында орналасқан Бесінші флоттағы АҚШ-тың сегіз маңызды әскери инфрақұрылым нысанының көзін жойды. Осылайша, АҚШ-тың жақында жасаған соққыларына батыл жауап берілді», – делінген ИРСК мәлімдемесінде.

Бұған дейін Иран Ормуз бұғазы маңында коммерциялық танкерді кезекті рет атқылаған болатын.

Соққыларға жауап ретінде АҚШ Қарулы Күштерінің Таяу Шығыстағы Орталық қолбасшылығы Иранның бірнеше нысанына жаңадан соққы бергенін мәлімдеді.