
Футбол әлемі жасыл алаңдағы тартысты ойындармен қатар, аңызға айналған тұлғалармен де құнды. Сондай бірегей тұлғалардың бірі – Аргентина спорт журналистикасының патриархы Энрике Макая Маркес (Enrique Macaya Márquez). Бүгінде 91 жасқа келген ардагер журналист бар өмірін футболға арнап, қазіргі уақытта 18-ші Әлем чемпионатында қызмет етіп жүр.
Жақында өткен Аргентина құрамасының бас бапкері Лионель Скалонидің баспасөз мәслихатында футбол сүйер қауымның жүрегін елжіреткен ерекше сәт орын алды.
«Сіздің сұрағыңызға жауап беру – мен үшін үлкен мәртебе»
Баспасөз мәслихаты барысында Энрике Макая Маркес орнынан тұрып, бас бапкерден: «Ертеңгі матчта Месси ойнай ма?» деп сұрады. Осы сәтте залдағы барлық журналист пен ресми тұлға ардагерге құрмет көрсетіп, орындарынан тұрып қол шапалақтады.
Аргентина құрамасының бапкері Лионель Скалони бұл сұраққа ерекше тебіреніспен және үлкен құрметпен жауап берді.
«Шынымды айтсам, сіздің сұрағыңызға жауап беру мен үшін үлкен мәртебе. Сіз осымен 18-ші әлем чемпионатында жұмыс істеп жатырсыз. Мен өзім Аргентина құрамасында ойнап жүргенде, сіз спорт журналистикасының аңызы болдыңыз, – деді.
Скалони егер бұл сұрақты басқа біреу қойса, жауаптан қашып құтылуы мүмкін екенін, бірақ Энрике секілді тұлғаның сұрағын жауапсыз қалдыра алмайтынын айтты. Ол Мессидің ойынды қосалқы құрамда бастайтынын жеткізіп, ардагерге:
«Сізді құттықтаймын, Энрике, осы әлем чемпионатынан ләззат алыңыз. Сіз нағыз аңызсыз» деп лебізін білдірді.
1958 жылы басталған ұлы жол
Энрике Макая Маркес Әлем чемпионаттарында 1958 жылдан бері еңбек етіп жүр. Аргентина футболының бүкіл даму тарихын, Пеле мен Марадонаның дәуірін, Мессидің шыңға шыққан сәттерін өз көзімен көрген жалғыз маман. 91 жасқа келгеніне қарамастан, оның футболға деген махаббаты мен кәсіби жалыны еш бәсеңдемеген. Ол әлі де микрофон ұстап, стадион төрінен эксклюзивті репортаждар дайындап жүр.