Жаңалықтар

Бибісара Асаубаева «Барыс» орденінің толық кавалері атануға ұмтылады

Шахматшы Бибісара Асаубаева II дәрежелі Барыс орденін алды
Шахматшы Бибісара Асаубаева «Барыс» орденінің толық кавалері атануға ұмтылады / фото: ЖИ көмегімен дайындалған сурет

Бибісара Асаубаева былтыр тағайындалған II дәрежелі «Барыс» орденін алты ай өткенде ғана алды. Әлемге әйгілі қазақ шахматшысын шенділер Астанаға арнайы шақыртып, марапатты салтанатты түрде тапсырды.

Әлемнің үш дүркін чемпионы (блиц) Бибісара Асаубаева бұған дейін президентке бейнеүндеу жолдап, былтыр тағайындалған орденді әлі алмағанына да шағымданған. Шахматшының мәлімдемесі төңірегіндегі шудан кейін ғана спорт министрлігі марапатты тапсыруға уақыт тауыпты.

«Мен көптен күткен II дәрежелі «Барыс» орденін алдым. III дәрежесі де бар. Біріншісі қолыма тисе, мен осы орденнің толық кавалері атанамын», – дейді Асаубаева.

Шахматшы орденнің әсемдігіне тамсанды. «Барыс» таза күмістен құйылып, бетіне алтын жалатылады.

Асаубаеваға II дәрежелі «Барыс» ордені 2025 жылғы 30 желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен тағайындалған. Содан бір күн бұрын шахматшы Дохада өткен әлем біріншілігінде блицтен үшінші мәрте чемпион атанған.

Өткен аптада ғана спорт вице-министрі Серік Жарасбаев 22 жастағы шахматшыны Астанаға шақыртып, орденді салтанатты түрде табыстайтынын айтқан.

Бибісара елордаға Ташкент қаласынан ұшып келді. Шахматшы Өзбекстан астанасында бірнеше күн болған уақытта мыңнан астам жергілікті жанкүйер онымен бетпе-бет кездесуге ниет танытты.

Естеріңізге сала кетейік, маусым айының басында Асаубаева айлығын 300 мың теңгеге дейін қысқартып тастағанына ренжіп, президентке үндеу жолдаған. Спорт министрлігіндегілер шұғыл түрде журналистерді жинап, чемпиондар «тым еркелеп кетті» деп сынаған. Бибісара болса шахматты басымдыққа ие спорт түрлерінен шығарып тастаған министрін «бағытынан адасқан» деп сөккен.