Жаңалықтар

Елде құны 1,4 млрд доллар болатын ең ірі жел электр станциясының құрылысы басталды

Қазақстанда құны 1,4 млрд доллар болатын ең ірі жел электр станциясының құрылысы басталды
Қазақстанда ең ірі жел электр станциясының құрылысы басталды / фото: kursiv.media

Жамбыл облысында қуаты 1 Гигаватт, құны шамамен 1,4 млрд доллар болатын ең ауқымды жел электр станциясының құрылысы басталды. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов және БАӘ-дегі Masdar инвестициялық компаниясының басшысы Мұхамед Жамиль Әл-Рамахи құрылыс жұмыстарының басталуына ресми түрде белгі берді.

Сұңғат Есімхановтың айтуынша, жоба еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі электр энергиясы тапшылығын реттеуге бағытталған.

«Бұл жоба өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, жаңартылатын энергия көздері секторына заманауи технологияларды тартуға мүмкіндік береді. Біз серіктестеріміздің еліміздің орнықты дамуына инвестиция салуға деген әзірлігін жоғары бағалаймыз әрі өз тарапымыздан жобаның барлық кезеңінің табысты жүзеге асырылуына қажетті қолдауды көрсетеміз», – деді ол.

Жобаның инвесторлары мен акционерлері ретінде БАӘ-нің таза энергетика саласындағы жетекші компаниясы Masdar (үлесі 40%), W Solar құрылымы (40%), сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорының құрамындағы «Qazaq Green Power» компаниясы (18%) және Қазақстанның инвестициялық даму қоры – KIDF (2%) қатысады.

Экологиялық тиімділік тұрғысынан бұл электр станциясы атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының көлемін жыл сайын 2,5 миллион тоннаға азайтып, Қазақстанның бекітілген мемлекеттік экологиялық көрсеткіштерге қол жеткізуіне ықпал етеді.

Құрылыс алаңдарын дайындау жұмыстары жоспарға сәйкес басталды. Жел электр станциясын толық көлемде коммерциялық пайдалануға беру 2029 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.

Бұған дейін Қытайлық компания Екібастұз қаласы маңында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысын бастаған еді.