
Елде құрылатын жаңа парламентке жаңа адамдар керек. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан парламенті жоғарғы палатасының соңғы отырысынан кейін өткен брифингте айтты.
«Қазір өте серпінді, өте белсенді уақыт. Меніңше, Құрылтайда (бір палаталы парламентте) жаңа есімдер, болашағынан үміт күттіретін саясаткерлер көбірек болуы тиіс. Оның ішінде жастар, әйелдер және өңір өкілдері көбейсе елге үлкен пайдасын тигізеді», – деді ол.
Айтуынша, мәселе Сенат пен Мәжіліс депутаттарының «әлеуеті таусылды» дегенде емес, қазіргі жағдайда мемлекеттік басқару жүйесіне көбірек адамдарды тарту қажеттілігінде болып отыр.
Еске сала кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция күшіне еніп, Сенат жойылып, бір палаталы парламент орнайды. Ол «Құрылтай» деп аталатын болады. Сайлау тамыз айында өтеді.
Сонымен қатар Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Бәрі пропорционалдық жүйемен, яғни партиялық тізіммен сайланады. Құрылтай депутатының өкілеттілік мерзімі – 5 жыл.