
Ресей президенті Владимир Путин Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер қайта басталған жағдайда, Минск олар үшін алаңға айналуы мүмкін деп санайды, деп хабарлайды «Интерфакс».
«Егер әңгіме келіссөздерге қатысты болса, Беларусьтің мүмкіндіктерін де пайдалануға болатынына сенімдімін», – деді Путин.
Оның айтуынша, Беларусь президенті Александр Лукашенко қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге бағытталған кез келген бастаманы қолдауға дайын.
«Александр Григорьевичтің ұстанымын білемін, ол даулы мәселелерді бейбіт құралдармен шешуге бағытталғанның бәрін жан-жақты қолдауға дайын», – деп атап өтті Путин.
Ол сондай-ақ 2022 жылы қақтығыс басталғаннан кейінгі алғашқы ресей-украин келіссөздері дәл осы Минскіде өткенін еске салды. Сонымен қатар, бұған дейін 2014 жылы жасалған Минск келісімдері де сонда бекітілген еді.
4 маусым күні кешке Украина президенті Владимир Зеленский Владимир Путинге ашық хат жариялап, онда Украина соғысты аяқтауды ұсынатынын және өзінің жеке кездесуге дайын екенін мәлімдеген еді.
Ресей президенті Владимир Путин Украина президенті Владимир Зеленскийдің ашық хатына жауап бере отырып, әзірге онымен кездесуге ниеті жоқ екенін мәлімдеген.