Жаңалықтар

Қазақстан мен Қырғызстан бір-біріне жер телімдерін тегін беретін болды

Қазақстан мен Қырғызстан бір-біріне жер телімдерін тегін беретін болды
Қазақстан мен Қырғызстан бір-біріне жер телімдерін тегін беретін болды/фото: qaztrade

Қазақстан мен Қырғызстан бір-біріне Астана мен Бішкектегі ғимараттарды және жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беретін болды. 2025 жылғы 22 тамызда қол қойылған келісім Сенаттың жалпы отырысында енді мақұлданды.

Келісімнің мақсаты қандай?

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, келісімнің негізгі мақсаты – екі елдің дипломатиялық өкілдіктерінің, сондай-ақ екі мемлекеттің Төтенше және Өкілетті Елшілерінің ресми резиденцияларының қызметі үшін тиісті жағдай жасау.

Құжат Астана мен Бішкек қалаларындағы ғимараттар мен жер учаскелерін құқықтық рәсімдеуді көздей отырып, оларды ұзарту құқығымен 49 жыл мерзімге өзара өтеусіз пайдалануға беру мәселелерін реттейді.

Атап айтқанда, Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Елшілігіне ауданы 0,75 гектар жер учаскесі, ал Қазақстан Елшісінің резиденциясы үшін жалпы ауданы 531,66 шаршы метр болатын коттедж және оған іргелес 0,17 гектар аумақ бөлінеді.

Өз кезегінде, Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігіне ауданы 0,74 гектар жер учаскесі, ал Қырғызстан Елшісінің резиденциясы үшін ауданы 1 267,8 шаршы метр көлемінде коттедж және оған іргелес 0,125 гектар аумақ беріледі.

Сонымен қатар мүлікті күтіп-ұстауға, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, коммуналдық қызметтерді, байланыс пен интернетті және өзге де пайдалану шығындарын төлеу жөніндегі міндеттер қабылдаушы тарапқа жүктеледі.

Құжат күшіне енген күннен бастап тараптар арасындағы 2005 жылғы 10 тамыздағы осыған ұқсас келісімнің күші жойылады.

Бұған дейін Қырғыз тарапы Қазақстанға 800 метрлік жер учаскесін теңдей алмастыру туралы ұсыныс жасаған еді. Жоба шамамен 150 шақырымдық ақылы автомагистраль салуға мүмкіндік береді.