Жаңалықтар

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын түгел жеке компаниялардың басқаруына бере алады

Фото: Асқар Ахметуллин

Қазақстанда азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарын толықтай дербес басқаруға мүмкіндік беретін жаңа заң нормасы мақұлданды. Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетовтің мәлімдеуінше, Сенат тиісті бастаманы қолдаған.

Енді әрбір салымшы жинақталған қаражатын кімге басқарту керегін және оның кірістілігін арттыру үшін қалай инвестициялау қажетін өзі анықтай алады. Заңнамаға енгізілген өзгеріс азаматтарға жинақтарын бұрынғыдай Ұлттық банктің басқаруында қалдыруға немесе оның 100 пайызын арнайы қаржы компанияларына сеніп тапсыруға құқық береді.

Осы бастаманың мән-жайын түсіндірген депутат өз жазбасында:

«Қазір ай сайын аударатын 10% зейнетақы жинағымызды Ұлттық банк басқарады, яғни инвестициялайды. Олар ақшаны көбінесе сенімді, бірақ табысы аздау мемлекеттік жобаларға, Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарына салады (Ұлттық банк жалпы алғанда жақсы жұмыс істеп жатқанын ерекше атап өткім келеді). Ал арнайы басқарушы компаниялар бәсекелестік ортада ақшаңызды табысы әлдеқайда көбірек басқа бағыттарға салып, көбейтіп беруі мүмкін»,– деп атап өтті.

Жаңа заң жобасы аясында салымшыларға толық еркіндік беріліп отыр. Осыған дейін заң бойынша зейнетақы жинағының тек 50 пайызын ғана жеке басқарушы компанияларға аударуға рұқсат етілсе, енді бұл шектеу толықтай жойылады. Ол үшін азаматтар арнайы өтініш жазып, қаражатты инвестициялайтын ұйымды өздері таңдауға тиіс.

Бұл ретте табысты көбейту мүмкіндігі де кеңейеді. Нұсқа ретінде, егер салымшының 5 миллион теңге жинағы болса, оны бірнеше бағытқа бөлу тетігі ұсынылған: қаражаттың бір бөлігін кірісі мен тәуекелі жоғары стратегияға, екінші бөлігін орташа тәуекелді бағытқа, ал қалғанын табысы аз болса да, өте сенімді әрі тұрақты құралдарға орналастыруға болады.

Жеке басқарушы компаниялар заң бойынша салымшының берген негізгі сомасының сақталуына және жоғалмауына толық кепілдік береді, сонымен қатар олардың қызметін Ұлттық банк пен мемлекет қатаң қадағалайды.

Қазір зейнетақы активтерін Ұлттық банктен бөлек, 5 жеке компания басқарады. Олардың табыстылығы инфляциядан сәл жоғары.