
Алматыда «ҚазТАГ» ақпарат агенттігі басшылығына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сотта мемлекеттік айыптаушы Мөлдір Кәнісова агенттіктің бас редакторы Әмір Қасеновке қандай айып тағылғанын айтты. Тергеу дерегіне сәйкес, Қасенов масс-медианы пайдаланып көрінеу жалған ақпарат таратты деп айыпталып отыр.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 3 сәуірінде Жанна Қапарова (қылмыстық істегі сотталушының бірі) «Фридом Финанс» АҚ-ның бұрынғы қызметкерлеріне қатысты шағымы бар бір топ адаммен бірге «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігінің кеңсесіне барған. Бас редактор Әмір Қасенов оларды тыңдап, «айтылған мәлімет қоғамда резонанс тудырады» деген қорытындыға келген. Ал Жанна Қапарова анасына биржа саудасы кезінде келген шығынды қаржы компаниясынан өтетіп алуды мақсат еткен.
Прокурордың айтуынша, Қасенов медиаресурстың пайдасы үшін құқық бұзушылыққа саналы түрде барған.
«Қасенов Жанна Қапаровамен алдын ала сөз байласып, пайдакүнемдік ниетпен («ҚазТАГ» ХАА қаралымын және әлеуметтік желілердегі жазылушылар санын арттыру мақсатында) «Фридом Финанс» АҚ мен оның акционері Тимур Турлов туралы көрінеу жалған ақпарат таратуға келіскен», – деді прокурор.
Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, Қасенов «Фридом Финанс» АҚ-ның Қазақстандағы ірі биржалық брокер екенін, ал оның акционері Тимур Турловтың қоғамға танымал тұлға әрі меценат екенін жақсы білген. Прокурордың пікірінше, кәсіпкердің қоғамдағы беделі ақпараттық кампанияны бастауға негіз болған.
Тергеу дерегіне сәйкес, Қасенов өз әрекеттеріне заңды сипат беруге тырысқан. Алғашқы мақаланы жариялауға шамамен бір сағат қалғанда Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі мен Бас прокуратурасын қосқанда жалпы бес мемлекеттік органға ресми сауал жолдаған.
Прокурор мұны ақпаратты тексергендей көріну үшін жасалған әрекет деп бағалаған.
«Қасенов бұл сауалдарды тек ақпаратты тексерілгендей етіп көрсету мақсатында ғана жолдаған, өйткені мұндай қысқа уақыт ішінде мемлекеттік органдар сауалды қарап, толық әрі нақты жауап бере алмайтын еді», – деді мемлекеттік айыптаушы.
Прокуратураның мәліметінше, кейін Қасенов Жанна Қапарованың айтқандарына қайшы келген мемлекеттік органдардың жауаптарын елемеген.
Соның салдарынан 2025 жылдың 3 сәуірі мен 13 маусымы аралығында Қасенов «таратылған ақпараттың шынайылығын тексеру бойынша шаралар қабылдамай», сайтта, Telegram және Facebook желілерінде 12 материал (мақала мен видео) жариялаған. Сараптама олардың шындыққа сәйкес келмейтінін анықтаған.
Сот-психологиялық және филологиялық сараптамалардың қорытындысына сәйкес, бұл жарияланымдар аудиторияда брокерге қатысты теріс көзқарас қалыптастырып, іскерлік беделіне нұқсан келтірген.
Прокурордың айтуынша, осылайша Әмір Қасенов Қылмыстық кодексінің 274-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған.
Айта кетейік, «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаевқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған.