
Шығыс Қазақстандағы Жоғарғы Үбі мыс кен орнын іске қосу үшін 65 млн доллар инвестиция тартылады. Қазақстанда алтын мен мыс іздеумен айналысатын East Star Resources пен қытайлық Hong Kong Xinhai Mining Services Ltd.-мен бірлескен жобаны бастап кеткен. Бұл туралы экономист Арман Батаев өз телеграм-арнасында жазады.
2026 жылдың наурызында жасалған келісім бойынша, қытай тарабы мыс кен орнына шамамен 65 млн доллар инвестиция салып, жобаны өндіріске дейін жеткізеді. Ал East Star компаниясы өндіріс басталғанша ештеңе төлемейді, ал кеніш іске қосылғаннан кейін 30 пайыз үлесін сақтап қалады.
Жобамен айналысу үшін АХҚО алаңында «Verkhuba Ltd» деген жаңа компания құрылған. Қытайлық серіктес алғашқы 500 мың долларды аударды. Бұл ақша кен орны қорын нақтылау мен жұмысты бастауға жұмсалады.
Қазір Жоғарғы Үбі кен орны кіретін №1795 лицензияны «Verkhuba Ltd» компаниясына өткізу процесі жүріп жатыр. Кен орнында бұрғылау келісімшарты жасалып, арнайы техника әкелінді. Мамандар бұрғылау алаңдарын дайындап, тау жыныстарының үлгілерін зерттейтін орынды кеңейтеді. Сондай-ақ сол жерде сынамаларды тексеретін зертхана ашу жобасы ұсынылды.
Жоғарғы Үбі кен орнының қазіргі қоры (JORC стандарты бойынша) 20.3 миллион тонна кенді құрайды. Оның ішінде орташа есеппен 1.16% мыс, 1.54% мырыш және 0.27% қорғасын бар.
Сонымен бірге, екі тарап кен орнына қажетті жер учаскелерін және болашақ инфрақұрылымды сатып алу мәселелерін талқылап жатыр.
Британдық East Star Resources Plc»компаниясы 2025 жылдың ақпанында Қазақстандағы Жоғарғы Үбі кен орнында мыс пен алтынның қосымша қоры табылғанын хабарлаған.