Жаңалықтар

Тимур Турлов FIDE президентінің орынбасары лауазымына өз кандидатурасын ұсынды

Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) президентінің орынбасары лауазымына өз кандидатурасын ұсынды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

FIDE-нің басқарушы құрамына кезекті сайлау 2026 жылы 26-27 қыркүйекте Самарқандта, Ұйымның Бас ассамблеясы аясында өтеді. Осы кезеңде мыңдаған гроссмейстер мен шахматсүйер қауымның басын қосатын 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы да өткізілмек.

FIDE ережелеріне сәйкес, президент пен оның орынбасары (Deputy President) сайлауға ортақ тізіммен түседі. Осыған байланысты Тимур Турлов алдағы сайлау науқанына қатысатын FIDE-нің қазіргі басшысы Аркадий Дворковичтің командасының құрамына кірді.

«Осы 3,5 жыл ішінде қол жеткізген нәтижелеріміз маған мына жайтты анық көрсетті: біздің Қазақстанда қолданып отырған тәсіліміз өзін толық ақтады, енді оны әлдеқайда кең ауқымда, әлемдік шахмат деңгейінде қолдануға болады», – деп жазды ол.

Қазақстан шахматы дамып келеді

Тимур Турлов Қазақстан шахмат федерациясын 2023 жылдан бері басқарып келеді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Федерациядағы әріптестерінің қолдауына сүйене отырып, ол елдегі бүкіл шахмат саласын жаңғыртуды бастады.

Фото: KazChess
Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Мәселен, Қазақстанда дарынды жастарды қолдау бағдарламасы іске қосылған.

Сондай-ақ, «Білім берудегі шахмат» республикалық бағдарламасы да белсенді дамып келеді. Оның аясында бастауыш сынып оқушылары өз оқу орындарынан шықпай-ақ тұрақты түрде шахматпен айналысады. Бұл бағдарлама 1 500-ден астам мектеп пен 60 мыңнан астам оқушыны қамтып отыр.

2026 жылы елде шахмат мектептері мен клубтарын аккредиттеудің жаңа жүйесі іске қосылды, ал қазіргі уақытта республикалық шахмат экожүйесінің негізгі өзегіне айналатын KazChess ID бірыңғай цифрлық платформасын толыққанды іске қосу дайындығы жүріп жатыр.

«Біздің команда шын мәнінде халықаралық сипатқа ие, ал мен онда Президентіміз бірнеше рет атап өткен дәл сол «орта державаның» өкілімін. Менің міндетім FIDE-нің тұрақтылығы мен теңгерімін арттырып, ұйым ішіндегі өзара түсіністікті нығайту. Сонымен қатар, жетекші технологиялық кәсіпкерлердің бірі ретінде федерацияның цифрлық дамуына өз үлесімді қоса аламын. Осы тұрғыдан алғанда, мен тек өзімді ғана танытып отырған жоқпын. Өйткені бүгінгі Қазақстанның өзі де дәл осындай мемлекет: цифрлы, технологиялық әлеуеті мықты, орнықты әрі кез келген тараппен салмақты да теңгерімді диалог құра біледі», – деп атап өтті Тимур Турлов.

Сонымен қатар ол халықаралық қауымдастық Қазақстанды сенімді серіктес ретінде мойындап отырғанын атап өтті.