
АҚШ пен Қазақстан арасындағы вольфрам келісіміне қатысты халықаралық дау үдеп барады. 28 маусымда The New York Times басылымы АҚШ президенті Дональд Трамп отбасының қатысы бар миллиардтаған долларлық сауда келісімін әшкерелеген көлемді зерттеу жариялады. Мақалада Қарағанды облысындағы Жоғарғы Қайрақты мен Солтүстік Қатпар кен орындарын игеру үшін Вашингтон бөлмек болған 1,6 млрд доллар мен одан Трамптың ұлдары қалай пайда көрмек болғаны егжей-тегжейлі баяндалған.
Қираған кенттегі байлық
Америкалық беделді басылым жариялаған зерттеу «Трамп тау-кен өндірісінде бірнеше миллиардтық мәмілеге отырды. Оның ұлдары бұдан пайда көреді» деп аталады.
Мақалада АҚШ пен Қазақстан арасындағы келісім, Дональд Трамп және сауда министрі Говард Лютникпен байланысы бар америкалық инвесторлар тобының әлемдегі ең ірі вольфрам қорына қалай жеткені сипатталған.

NYT журналисі Пол Сонн (Paul Sonne) Үңірек ауылы, Қарағанды және Астана қалаларынан репортаж дайындаса, оған Вашингтондағы әріптесі Эрик Липтон (Eric Lipton) көмектескен. Эрик Липтон – мүдделер қақтығысы мен сыбайлас жемқорлықты зерттеумен айналысатын атақты журналист, Пулитцер сыйлығының үш дүркін лауреаты.
«Еркін жайылып жүрген жылқы үйірі, советтік жұмысшы кентінің қараусыз қалған қирандылары мен қазақ жазығындағы шағын төбешіктердің арғы жағында америкалық келісімге арқау болған, суға толған алып кратерлер көрінеді.
407 адам тұратын Үңірек ауылының сыртындағы шағын көлшіктер Кеңес Одағы кезінде вольфрам барлау үшін қазған шұңқырлар орнында пайда болған», – деп сипаттады NYT Қазақстандағы өндіріс орнын.
Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орны Қарағанды облысы Шет ауданындағы шағын ғана Үңірек ауылына тиіп тұр.
Трамп ұлдары және тойымсыздық мысалы
Өте қатты, тығыз, балқу температурасы жоғары вольфрам әскер және авиация саласы үшін таптырмас металл. АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі оны «өте сирек кездесетін металдар» тізіміне қосқан. Қазақстанда вольфрамға бай бірнеше кен орны бар. Енді солардың бірқатарын америкалықтар игереді.
«2025 жылғы қыркүйекте сауда министрі Говард Лютник Қазақстан президентімен Нью-Йорктегі St. Regis қонақүйінде кездескен уақытта, президент Трамп әңгімеге телефон көмегімен араласты. Сол кезде Вашингтон үшін маңыздың мәселелердің бірі бойынша келісім жасалды», – деп жазды басылым.
NYT мәліметінше, келісімшарт қарсаңында Трамп әкімшілігі федералдық қазынадан америкалық компания үшін 1,6 млрд долларға дейін қаражат бөлу жөніндегі өтінішті мақұлдаған. Қазақ ауылындағы өндіріске кірісетін компания енді Kaz Resources деп аталады.
«Зор мүмкіндікті Трамп пен Лютник қана байқаған жоқ. Артынша олардың ұлдары да әкелері бастаған осы жоба аясында іс жүргізе бастады. Сөйтіп Трамптың екінші әкімшілігі кезінде өз қалталарын қампиту үрдісін жалғастырды. Америка тарихында қомағайлықтың осындай мысалы жиі кездесе бермейді», – деп сынаған NYT.
Зерттеуде президенттің екі ұлы – Кіші Дональд Трамп пен Эрик Трамп, сауда министрінің екі ұлы – Брендон Лютник пен Кайл Лютник есімдері аталды.


Ағайынды Трамптар Қазақстандағы вольфрам жобасында 20% үлесі бар Dominari Securities инвестициялық компаниясына ішінара иелік етеді. Олар жобаны жүзеге асыратын құрылымдардың тікелей инвесторлары.
Ағайынды Лютниктер шенеунік әкесі бақылауындағы Cantor Fitzgerald ірі инвестициялық фирмасын басқарады. Екеуі Трамптың ұлдарымен серіктес тау-кен компаниясы үшін 210 млн доллар капитал тартқан. Брэндон мен Кайл осы қызметі үшін фирмаға миллиондаған доллар табыс түсірген.
Саяси дауға ұласқан вольфрам жобасы
Көлемді зерттеу Қазақстанға тікелей қатысы бар вольфрам жобасы төңірегінде саяси дау үдей түскен тұста жарияланды. Журналистер АҚШ-тың ең жоғарғы билігіндегі мүдделер қақтығысын ашып көрсетуге тырысты. Мақала авторларының пайымдауынша, президент Трамп пен сауда министрі Лютниктің іс-әрекеттері мемлекет саясаты мен жеке отбасылық бизнестің арасындағы шекараны мүлдем жойып жіберген.
«Мұндай келісімдер – шынымен шошытады», – деп мәлімдеген Өкілдер палатасындағы жетекші демократ Максин Декстер. Палата комитеті тау-кен өндірісіндегі заңсыздықтарды тергеп жатыр.
Ақ үй мен Сауда министрлігі айыптауларды жоққа шығарып, шешімдердің бәрі «Америка халқының мүддесі» үшін қабылданды деп ақталғанымен, зерттеу Вашингтонда Трамп билігіне қарсы үлкен саяси тексерулер толқынын туғызып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр күзде Трамп әкімшілігі Қазақстандағы вольфрам кені үшін қытайлықтармен таласқан. Мемлекеттік «Тау-Кен Самұрық» тау-кен компаниясы Солтүстік Қатпар вольфрам кен орнындағы 70% үлесін 114 млн долларға сатқаны маусым айының басында мәлім болған.