
Әзербайжанның Милли Мәжілісі кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу қоятын заң жобасын қабылдады.
TRT ақпаратына қарағанда, құжатқа сәйкес, әлеуметтік желіде өз бетінше тіркелудің ең төменгі жасы – 16 жас болып белгіленді. Ал 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдер аккаунт ашып, пайдаланып, контент жариялау үшін заңды өкілдерінің келісімімен және бақылауымен әрекет етуі тиіс.
Сондай-ақ заң әлеуметтік желі платформаларының иелеріне балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша міндеттер жүктейді. Олар зиянды контенттің таралуына жол бермеуге, балалардың жеке деректерін қорғауға, қауіпті материалдарды жедел жоюға және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға міндетті болады.
Бұдан бөлек, заңда жаңа талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Заң күшіне енгеннен кейін әлеуметтік желі платформаларына жаңа талаптарға бейімделу үшін өтпелі кезең беріледі.
Айта кететін жайт, Ұлыбритания, Канада, Малайзия, Грекия, БАӘ және тағы да басқа бірқатар елдер осындай шектеулер мен тыйымдарды қабылдады.