Жаңалықтар

Ақтөбеде 188 адам уланып қалған мейрамхана тиісті құжатсыз жұмыс істеген

Ақтөбеде 188 адам уланып қалған мейрамхана тиісті құжатсыз жұмыс істеген
188 адам уланған мейрамхана құжатсыз жұмыс істеп келген / kursiv.media архиві

Ақтөбе облысында жаппай адам уланған мейрамхана тиісті құжатсыз жұмыс істеген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлімдеді.

Жаппай улану Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасында өткен банкеттен кейін тіркелген. 19 маусымда өңірдегі екі ауруханаға ішек инфекциясы белгілері бар науқастар түсе бастаған.

Сархат Бейсенованың айтуынша, зардап шеккендердің саны 188 адамға дейін өскен, оның ішінде 14 жасқа толмаған 15 бала бар. Барлығы 177 науқас ауруханаға жатқызылды, ал 11 адам амбулаторлық ем қабылдап жатыр.

Мейрамхананың жұмысы уақытша тоқтатылып, полиция Қылмыстық кодекстің 304-бабы «Санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Мейрамхана рұқсат құжатынсыз жұмыс істеген. Сондай-ақ мекеменің санитарлық жағдайынан, өнімдерді сақтау мен тағам дайындаудың технологиялық процесінен, қызметкерлердің жеке гигиенасынан бұзушылықтар анықталды. Оған қоса, қызметкерлердің міндетті медициналық тексерістен өтпегені және медициналық кітапшаларының жоқтығы белгілі болды. Лабораториялық зерттеулердің қорытындысы бойынша, тағам өнімдерінің сынамалары мен қызметкерлерден алынған жағындылардан ішек инфекциясының қоздырғыштары табылды», – деді Бейсенова.

Қазіргі уақытта эпидемиологиялық тергеу амалдары жалғасуда, санитарлық дәрігерлер өз жұмысын әлі аяқтаған жоқ.

22 маусымда «Тұмар» мейрамханасына барған азаматтар арасында ішек инфекциясы тарағанын жазған едік. Бастапқыда астан уланып қалғандардың саны 113 болған. Бүгінде науқастардың саны 188 адамға жеткен.