
Денсаулық сақтау министрлігі Бас прокуратурамен бірігіп елдегі пластикалық ота жасайтын клиникаларды тексеруге кірісті.
Егер медициналық мекемеден заң бұзушылық анықталған жағдайда тиісті шара қабылданады деп ескертеді ведомстводан.
Бұл тексерулер мамырда болған қайғылы оқиғалардан кейін басталды. 21 мамырда блогер Сәуле Ермаханова пластикалық ота жасатуға барып, сол жерде қайтыс болды. Полиция қылмыстық іс қозғап, Денсаулық сақтау министрлігі іс ерекше бақылауға алатынын мәлімдеді.
Ал 22 мамырда Ақтауда жергілікті мәслихат депутаты пластикалық операция жасатуға барып, қайтыс болғаны анықталды. Наркоз кезінде оның жағдайы күрт нашарлап, комаға түскен.
Бұған дейін ведомство 2024 жылы клиникаларды жаппай тексерген еді. Сол кезде пластикалық хирургия саласында көрсетілетін медициналық қызметке шағым көбейіп кеткен. Тексеру қорытындысы бойынша, 24 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 4,8 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Пластикалық отадан кейін адам өлімі тіркелген клиникалар да жоспардан тыс бөлек тексерілді. Ведомство мәліметінше, мұндай қайғылы жағдайлар негізінен Алматы, Астана қалалары мен Маңғыстау облысындағы медициналық орталықтарда болған.