Жаңалықтар

«Помагайка емеспін»: депутат заңсыз декретке шығу жолын үйреткенін жоққа шығарды

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

VIII шақырылым депутаты Дәулет Мұқаев жүкті әйелдерге заңсыз декретке шығу жолын үйреткен жоқпын деп отыр. Бұл туралы қос палатаның бірлескен отырысы кулуарында айтты.

Журналистер депутаттан «декретке миллионмен шығуға көмектескендеріңіз үшін сіздерді тексермей ме» деп сұрады.

Бұл ретте Мұқаев ешкімге ақылы қызмет көрсетпегенін атап өтті.

«Мен «помогайка» болған жоқпын. Ешкімге ақылы қызмет ұсынып, делдалдық қызмет көрсеткен жоқпын. Бұл жерде мен тек елге бағыт-бағдар бердім. Ол бар ақпарат. Химия мен физиканың формуласын мұғалім оқушыға түсіндіргендей, «Декретке миллионмен» бағдарламасы аясында, e-gov сайтында тұрған ресми ақпаратты қарапайым тілмен түсіндіру», – дейді депутат.

Депутат бұл ақпаратты кім қалай қабылдайды, қандай бағытта алып кетеді – оның жеке жауапкершілігіндегі дүние деп есептейді.

«Себебі менің сабақтарымның бәрінде «егер сіз өтірік ИП ашатын болсаңыз, заң алдында жауап бересіз» деп айтылған. Ондай әрекетке бармаңыз деп үнемі ескертіп отырамын. Сабаққа қатысқандар осы сөзімді растайды, ал қатыспағандар мен бір заңсыздыққа барыңдар дегендей хейт қуалайды «, – дейді Мұқаев.

Миллион алам деп түрмеге түсті

Қазақстанда «декретке миллионмен шығу» деп аталып кеткен төлемді арттыру ісін қазіргі депутат Дәулет Мұқаев бастап берген. Депутат парламентке келгенге дейін түрлі курстар сатумен белсенді айналысты.

Нәтижесінде 17 мыңнан аса әйел бірнеше жерде жұмыс істеймін деп көрсетіп, жүктілік және босану кезінде мемлекеттен 28,6 млрд теңге алған.

Алайда Еңбек министрлігі 2025 жылы «декретке миллионмен» шығу мүмкіндігін алып тастады. Яғни, жүктілік пен босануға, сондай-ақ 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төлемдерді есептеу ережелеріне өзгерістер енгізілді.

2024 жылы  113 декреттік төлем алушыға қатысты 16 қылмыстық іс қозғалып, келтірілген шығын сомасы 158 млн теңгені құраған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегайдың айтуынша, 2025 жылы заңсыз табыс көрсеткендерге қатысты 13 өңірде 38-ден астам қылмыстық іс қозғалған.