
Kursiv.Media зерттеуінше, 2025 жылы қарастырылған 50 ірі компания бюджетке 11,1 трлн теңге шамасында салық төлеген. Салықтың басты салмағы әлі де мұнай-газ секторында. Ал өңірлер арасында Атырау облысы айқын алда тұр.
Бір қарағанда, Қазақстандағы ірі салық төлеушілер картасы көп салалы болып көрінеді: банк те бар, байланыс та бар, тау-кен өндірісі де бар, темекі мен автонарық та кездеседі. Бірақ бұл цифрларды сараласақ, бюджетке келетін ірі корпоративтік салықтың басым бөлігі мұнай-газ және шикізат секторына байланған.
2025 жылғы ТОП-50 салық төлеуші: сала бойынша
Ірі компаниялардың 2025 жылғы салық төлемдері, млрд теңге
Дерек: компаниялардың 2025 жылғы салық төлемдері. Сомалар бүтін млрд теңгеге дейін дөңгелектелді. Сала бойынша топтастыру шартты түрде жасалды.
Мұнай-газ – басты салық генераторы
ҚР Мемлекттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2025 жылы қарастырылған 50 компанияның ішінде ең көп салық төлеген сала – мұнай-газ және мұнай өңдеу. Бұл сектордағы 20 компанияның жиынтық төлемі шамамен 7,1 трлн теңгеге жетті. Яғни ірі 50 компания төлеген салықтың 64%-дан астамы осы салаға тиесілі.
Бұл жерде ең ірі ойыншы – Теңізшевройл. Компанияның 2025 жылғы салық төлемі 3,6 трлн теңге шамасында болды. Бұл қарастырылған барлық 50 компанияның жиынтық төлемінің үштен біріне жуық.
Одан кейінгі ірі төлеушілердің бірі – Қарашығанақ. Оның төлемі 1 трлн теңгеден асты. Осы екі компанияның өзі тізімдегі жалпы салықтың шамамен 42%-ын беріп отыр.
Мұнай-газ тобында бұлардан бөлек Маңғыстаумұнайгаз, NCOC, Өзенмұнайгаз, Қаражанбасмұнай, Атырау МӨЗ, Павлодар мұнай-химия зауыты, ҚазМұнайГаз, QazaqGaz сияқты компаниялар бар.
Екінші орында — тау-кен, металлургия және уран
Сала бойынша екінші ірі топ — тау-кен, металлургия және уран өндірісі. Бұл бағыттағы 14 компания 2025 жылы шамамен 2,1 трлн теңге салық төлеген. Оның жалпы үлесі — 19% шамасында.
Бұл топта KAZ Minerals Aktogay, Қазақмыс, KAZ Minerals Bozshakol, Қазхром, Altyntau Kokshetau, Қаратау, Инкай, Катко, Turanium сияқты компаниялар бар.
Яғни Қазақстан бюджетінің ірі корпоративтік түсімдері тек мұнайға ғана емес, металл, алтын, мыс және уран өндірісіне де қатты сүйеніп тұр.
Банктер мен цифрлық экожүйелердің үлесі қандай?
Қаржы және цифрлық экожүйе тобына кіретін компаниялардың жиынтық төлемі 765 млрд теңге болды. Бұл қарастырылған 50 компанияның жалпы салық төлемінің 7%-ына жуық.
Бұл топта Halyk Bank, Kaspi Bank, Kaspi Магазин, Банк ЦентрКредит және ЕНПФ бар.
Банктер мен финтех компаниялары салық көлемі жағынан мұнай-газ немесе тау-кен секторынан кейін тұрса да, олардың рөлі бөлек. Себебі бұл сектор тікелей шикізатқа емес, ішкі тұтыну, төлем инфрақұрылымы, несие және қаржы қызметіне сүйенеді.
Инфрақұрылым, байланыс және көлік
Инфрақұрылым, байланыс және көлік секторындағы 7 компания 2025 жылы шамамен 574 млрд теңге салық төлеген. Бұл жалпы көрсеткіштің 5,2%-ы.
Бұл топта Азиаттық газ құбыры, Қазақтелеком, ҚТЖ, KaR-Tel, Жасыл даму, Самұрық-Қазына және KEGOC бар.
Мұнда бір қызық нәрсе байқалады: бұл сектор экономикадағы базалық желілерді ұстап тұрғанымен, салық төлемі бойынша шикізат секторынан бірнеше есе төмен.
Тұтыну нарығы мен саудада кімдер бар?
Тұтыну нарығы, сауда және құрылыс тобының жиынтық салық төлемі 542 млрд теңге шамасында болды. Бұл жалпы соманың 4,9%-ы.
Бұл топқа Philip Morris Қазақстан, JTI Kazakhstan, Toyota Motor Kazakhstan және Сенімді Құрылыс кірді.
Бұл сектордың үлесі шағын көрінгенімен, ол экономиканың басқа қырын көрсетеді: ішкі нарық, импорт, тұтыну және сауда айналымы да бюджетке ірі көлемде кіріс әкеліп отыр.
Қай өңір көп салық төлеп отыр?
Өңірлер бойынша ең үлкен айырмашылық Атырау облысында көрінеді. Қарастырылған 50 компанияның ішінде Атырауда тіркелгендері 2025 жылы шамамен 4,1 трлн теңге салық төлеген. Бұл жалпы соманың 37%-ы.
Атыраудың мұндай басымдығы түсінікті: өңірде Теңізшевройл, Атырау МӨЗ, NCOC, Ембімұнайгаз сияқты ірі мұнай-газ компаниялары тіркелген.
Екінші орында — Батыс Қазақстан облысы. Бұл өңірдегі компаниялардың жиынтық төлемі 1,3 трлн теңгеге жуықтады. Мұнда негізгі салмақ Қарашығанақ жобасына түседі.
Үшінші орында — Алматы қаласы. Алматыда тіркелген ірі компаниялар 1,1 трлн теңгеден астам салық төлеген. Бұл жерде мұнай емес, банк, финтех, темекі және сауда компанияларының үлесі жоғары.
Астана неге алғашқы үштікке кірмеді?
Астана қаласында тіркелген 10 компанияның жалпы төлемі шамамен 845 млрд теңге болды. Бұл — үлкен сома, бірақ Атырау, Батыс Қазақстан және Алматыдан төмен.
Астанада QazaqGaz, ҚазМұнайГаз, ҚТЖ, Самұрық-Қазына, KEGOC, Қазақтелеком сияқты ұлттық компаниялар шоғырланған. Бірақ олардың салық көлемі Теңізшевройл немесе Қарашығанақ сияқты өндірістік алыптармен салыстырғанда төмен.
Тағы да оқыңыз: 2026 жылдың алғашқы 4 айында республикалық бюджетті қай өңір толтырып жатыр дегенге зерттеу жүргізген едік.